Қазақстан Ішкі істер министрлігінің тексеруінен кейін 21 жастағы Абылай Дүйсеновтің өліміне қатысты бұрын тоқтатылған қылмыстық іс қайта тергеле бастады. Алайда марқұмның отбасы тергеу барысына наразы екенін айтып, оның өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтауды талап етіп отыр, деп хабарлайды ult.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұмның анасы Айсұлудың айтуынша, тергеу кезінде бірқатар маңызды жайт ескерусіз қалған. Оның сөзінше, ұлының хат алмасуларынан Абылайдың Санжар Мұқаштан бөлек, «Вампир» лақап атымен танылған адамнан да қарыз алғаны белгілі болған. Кейін оның Алтынбек есімді адам екенін анықтаған. Алайда әйелдің айтуынша, одан жауап алынбаған.
Айсұлу тергеу Санжар Мұқаштың мүддесіне сай жүргізіліп жатыр деп есептейді. Оның мәлімдеуінше, ұлының телефоны толық зерттелмеген, отбасы мүшелерінен жауап алынбаған, ал кейбір сараптамалар тек Санжар мен басқа адамдардың көрсетілімдеріне негізделген.
Марқұмның туыстары Абылайдың өліміне қатысты өзге де нұсқалар тексерілуі керек деп санайды. Олардың айтуынша, адвокаттар кешенді сараптама тағайындауға қол жеткізгенімен, мамандарға қылмыстық істің материалдары толық ұсынылмаған. Соған қарамастан, сот-медициналық сарапшылар оқиғаны өзіне қол жұмсау деп бағалауға болмайтынын көрсеткен қорытынды жасаған. Алайда кейін тергеу тоқтатылған.
Айсұлудың қорғаушылары тергеу барысында күдікті болуы мүмкін адамдардың геолокация деректері де сұратылмағанын айтады. Сонымен қатар тергеушінің әрекеттеріне қатысты бірнеше рет шағым түсіріліп, оның кейбір әрекеттері заңсыз деп танылғанын мәлімдеді.
Іс материалдарында қарызға қатысты хат алмасулар бар.
Айсұлудың редакцияға ұсынған құжаттарына сәйкес, Абылай мен Санжардың хаттарында пайызбен берілген ірі көлемдегі ақша туралы жазылған. Әңгімеде бастапқыда 140–165 мың доллар туралы айтылса, кейін сома 65–75 миллион теңгеге дейін өзгерген. Сондай-ақ Абылай қайтыс болардан аз уақыт бұрын Санжарға банк қосымшасы арқылы 1 миллион 80 мың теңге аударған. Әйелдің айтуынша, бұл тамыз айындағы қарыздың алғашқы айлық пайызы болған.
Марқұмның отбасы мен Санжар Мұқаш арасындағы дау пәтерге де қатысты. Айсұлудың сөзінше, Санжар отбасыны тұрғын үйден шығаруға тырысып келеді.
Бірінші сатыдағы сот Мұқаштың талабын қанағаттандырғанымен, Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы пәтерді сату-сатып алу шартын жарамсыз деп таныған. Кейін кассациялық сот істі қайта қарауға жіберген. Алайда сот процесі әлі басталмаған.
Айсұлудың азаматтық іс бойынша адвокаты Гүлмира Сыдықованың айтуынша, Абылай мен Санжардың хат алмасуларында пәтерді сату немесе басқа адамның атына рәсімдеу туралы келісім жоқ. Оның пікірінше, сот қарызға берілген ақшаның қайдан алынғанын да анықтауы қажет.
Қорғаушылардың мәлімдеуінше, қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Олар тергеу толық әрі жан-жақты жүргізілмеген деп есептейді.
Айта кетейік, композитор Арман Дүйсенов 2023 жылғы қаңтарда қайтыс болған. Ал 2024 жылғы қазанда оның ұлы Абылай Дүйсенов те дүниеден озған еді.