Қостанайда мойнынан пышақ жарақатын алған ит қан жоғалтудан өлді. Жануарды еріктілер пәтерден тауып, клиникаға жеткізгенімен, аман алып қала алмады. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.
Almaty.tv арнасының мәліметінше, ерікті Анастасия Серикованың айтуынша, көршілер жануарға қатыгездік көрсетілгенін хабарлаған. Пәтер иесі есікті ұзақ уақыт ашпаған соң, ол полиция шақырған.
«Иттің жағдайы өте ауыр еді. Мойнында тесіп-кесілген жарақаттар болды. Біз оны клиникаға жеткіздік, бірақ ол сол жерде өлді», – деді ерікті.
Полиция күдіктіні анықтап, бөлімге жеткізді. Қазір оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр. Құқық қорғау органдары тұрғындарды жануарларға қатыгездік көрсету деректері туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырды.
Ал зооеріктілер Қостанай көшелерінде ірі тұқымды иттердің қараусыз жүруі жиілегенін айтады. Сондай-ақ жануарларды сату, чиптеу және өсірушілердің қызметін бақылау мәселесіне назар аудару қажет екенін алға тартады.