Қазақстан Ұлттық банкі ақық тасы қондырылған, алқа ретінде мойынға тағып жүруге болатын «AQYQ» коллекциялық монетасын айналымға шығарады, деп хабарлайды ult.kz.
«Сиқырлы нышандар» сериясына кіретін монетаның ерекшелігі – оның жоғарғы бөлігінде алқа бауын өткізуге арналған арнайы баулық қарастырылған. Осылайша, оны коллекцияға жинап қана қоймай, әшекей бұйым ретінде де тағуға болады.
Монета 925 сынамалы күмістен жасалған. Оның бетіне халцедон тобына жататын жартылай асыл ақық тасы қондырылған. Көркемдік безендіруінде қазақ зергерлік өнерінің дәстүрлері көрініс тапқан. Атап айтқанда, зерделі сіркелеу әдісі қолданылып, өрнек пен ақық тасы үйлесімді үйлестірілген.
Монетаның негізгі сипаттамалары:
- Номиналы: 1 000 теңге;
- Салмағы: 20 грамм;
- Диаметрі: 33 мм;
- Металы: 925 сынамалы күміс;
- Дайындау сапасы: «antique silver»;
- Таралымы: 5 000 дана.
Коллекциялық монета 2026 жылғы 27 қазаннан бастап Қазақстан Ұлттық банкінің интернет-дүкенінде сатылады.
Айта кетейік, коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында белгіленген құны бойынша төлем құралы ретінде қабылданады. Сондай-ақ оларды банктерде айырбастауға және банк шоттарына есепке алуға болады.