Танымал әнші Абай Бегей сахнада жарына алғыс айтып, көзіне жас алды, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі көпшілік алдында жұбайына жүрекжарды сөзін арнап, қыздарына көрсетіп жүрген қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді.
“Мен жарыма алғыс айтқым келеді. Қыздарыма ана болып жүргеніңе рақмет”, – деді әнші толқып.
Осы сөздерді айтқан сәтте Абай Бегейдің көзіне жас келді. Әнші жарының отбасындағы орны мен балаларына деген мейірімін осылай бағалайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Абай Бегейдің әйелі тойда күтпеген бағалы сыйлық ұтып алды.
Абай Бегей кім?
Абай Бегей - қазақ эстрадасының танымал әншісі. Шын аты-жөні — Абай Ниязқұлов. Өнерсүйер қауым оны Абай Бегей деген сахналық есімімен біледі. Әнші көпшілікке «Аспанға қараймын» әні арқылы кеңінен танылды. Бұл туынды тойлар мен мерекелік кештерде жиі орындалып, оның тыңдарманға танылуына жол ашты. Репертуарында «Мұңайма, Үрбибі», «Анашым» және басқа да әндер бар.
Абай Бегейдің шығармашылығында көңілді әндермен қатар, анаға құрмет, сағыныш пен отбасына деген сүйіспеншілікті арқау еткен туындылар да кездеседі. Әнші 2017 жылы «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында өнерде жүргеніне он жыл толғанын айтқан. Сол жылы Мәдениет және спорт министрлігі оны «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттаған. Өнер иесі өзінің танымал болуына «Аспанға қараймын» әнінің ықпалы зор болғанын да атап өткен.
Әнші жеке өмірінде ауыр қазаны бастан өткерген. Оның айтуынша, 2014 жылы анасы, ал 2015 жылы алғашқы жұбайы Жанат өмірден өткен. Жарынан айырылғаннан кейінгі кезеңнің өзіне де, балаларына да оңай соқпағанын сұхбаттарында ашық айтқан. Сол уақытта үлкен қызы бауырларына қамқор болып, балалардың тәрбиесіне нағашы әжелері де көмектескен. Әнші марқұм жарына арнап «Жанатым» әнін орындаған.
Кейін Абай Бегей Фариза Жұмановамен шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде отбасылық сәттерін, балаларының қызығы мен қуанышты жаңалықтарын бөлісіп тұрады. Әншінің жары Фариза да көпшілікке отбасы туралы жазбалары арқылы таныс.