Танымал әнші әрі актриса Ақбота-Нұр Сейтмағамбет 30 жасқа толған туған күнін Мальдив аралдарында атап өтті. Өнер иесі жаңа жасқа қадам басқан сәттегі сезімі мен алдағы өмірден не күтетінін айтып, оқырмандарымен сыр бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Ақбота-Нұр Instagram парақшасында мұхит жағасында ақ көйлек киіп түскен бейнежазбасын жариялады. Ол отыз жасты жастық жігер мен өмірден жинаған тәжірибе тоғысатын ерекше кезеңге теңеген.
"Жастықтың екпініне жүректің даналығы қосылатын шақ", – деп жазды актриса.
Өнер иесі жиырма жасында талай арманның жетегінде жүріп, өмірден көп нәрсе күткенін еске алды. Кейде қуанып, кейде көңілі түсіп, уақыт өте келе өзін жақсырақ тани бастағанын жеткізді.
"Бір есіктің ашылғанына қуандым, бір есіктің жабылғанына мұңайдым. Кейде өзіммен оңаша қалғанда ғана түсінетін сезімдерім болды. Кейбір жауаптарды уақыттан іздедім, ал кейбірін өз жүрегімнің үнін тыңдай білгенімде ғана таптым!", – деді ол.
"Өз болмысыма адал болғым келеді"
Ақбота-Нұр ендігі өмірінде асығыстыққа салынбай, әр сәттің қадірін білгісі келетінін айтты. Ол өзгелердің көңілінен шығудан гөрі өз жүрегінің қалауын тыңдауды маңызды санайтынын жеткізді.
"Енді асықпай өмір сүргім келеді. Әдемі көрінуді ғана емес, әдемі сезінуді. Бәріне ұнауды емес, өз болмысыма адалдықты, көпке танылуды ғана емес, бір адамның жүрегіне шын жылу сыйлай алуды. Армандарыма жетуді ғана емес, сол жолда өзімді жоғалтпауды", – деп жазды әнші.
Оның пікірінше, әйелдің сұлулығы жасына емес, жан дүниесіне, нәзіктігі мен парасатына байланысты. Сондықтан ол алдағы уақытта да өз болмысын жоғалтпай, өмірдің әр кезеңінен жақсылық көргісі келетінін білдірді.
Әнші туған күнінде ең алдымен балаларының амандығын тілеп, ұлы мен қызының қызығын көруді армандайтынын айтты.
"Алла маған ұзақ әрі мағыналы ғұмыр берсін! Алтын асықтай ұлым мен гүл етіп сыйлаған қызымның бар бақытын көруді жазсын!" – деп жазды Ақбота-Нұр.
Өнер иесінің мерейтойлық жазбасы желі қолданушыларының назарын аударды. Оқырмандары оны туған күнімен құттықтап, жылы тілектерін жаудырды. Көпшілік актрисаның сұлулығына сүйсініп, жаңа жасы қуаныш пен жақсылыққа толы болуын тіледі.
Ақбота-Нұр кім?
Ақбота-Нұр Сейтмағамбет – қазақстандық әнші, актриса және тележүргізуші. Ол 1996 жылы 22 қазанда Түркістан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. Өнерге бала кезінен жақын болып, Сүгір Бәйтереков атындағы музыкалық мектепте жеті жыл скрипка үйренген. Кейін музыкалық білімін жалғастырып, әншілік өнерге ден қойған. 2012 жылы туған қаласында өткен сұлулық байқауында "Кентау аруы" атанған. 2015 жылы Баян Мақсатқызы жетекшілік еткен "KeshYOU" тобына қабылданып, көпшілікке таныла бастады. Сол жылы топ құрамында Үндістанның Гоа өңіріне барып, алғашқы шетелдік бейнебаянының түсіріліміне қатысқан
2016 жылы режиссер Асқар Ұзабаевтың "Гламур для дур" фильмі арқылы кино саласына қадам басты. Кейін "Тақиясыз періште", "Қалай да той жасау", "Мыстан" және "Өрмек" секілді туындыларға түсті.
Сондай-ақ 2023 жылғы "Маған назар аудар" және 2024 жылғы "Час пик" фильмдеріндегі рөлдерімен танылды
Ақбота-Нұр актер Дәурен Айдарқұловпен "Гламур для дур" фильмінің түсірілімінде танысқан. Екеуінің Ибраһим есімді ұлы мен Аиша есімді қызы бар. Өнерлі жұп 2020 жылы екі жаққа кеткенімен, балалары үшін жақсы қарым-қатынасты сақтап қалғандарын айтқан. Ақбота-Нұр бұрынғы ата-енесінің бала тәрбиесінде өзіне қолдау көрсететінін де жасырмаған. 2026 жылғы 22 қазанда әнші 30 жасқа толып, мерейтойын Мальдив аралдарында атап өтті.