Әйелін жаралаған ер адам оның еміне кеткен 330 мың теңгені мемлекетке қайтарады

Әйелін жаралаған ер адам оның еміне кеткен 330 мың теңгені мемлекетке қайтарады
ашық дереккөз

Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық соты әйеліне дене жарақатын келтірген ер адамнан оны емдеуге жұмсалған 330 мың теңгені мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, ер адамның заңсыз әрекетінен зардап шеккен жұбайы аудандық ауруханада ем алған. Медициналық көмекке бюджеттен 330 мың теңге жұмсалған.

Бұған дейін ер адамға қатысты денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Алайда мемлекет емдеу шығындарын өтемегендіктен, прокурор сотқа талап арыз берген.

Сот талапты толық қанағаттандырып, жауапкерден мемлекетке 330 мың теңге материалдық залал мен мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешім қабылдады.