Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен Қазақстанның Халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев «Отан» орденімен марапатталды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл марапат өнер қайраткерінің қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегіне берілген құрмет болды. Алтынбек Қоразбаев тыңдарманның жүрегінен орын алған әндерімен ғана емес, жас орындаушыларға қолдау көрсетіп, олардың өнер жолында қалыптасуына қосқан үлесімен де танымал.
Оның шығармашылық жолында «МузАрт» тобының орны ерекше. Композитор ұжымның қалыптасуына, елімізде және шетелде танылуына елеулі үлес қосты. Өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, сахнадағы ізденістеріне қолдау білдірген ұстаз ретінде де көпшілікке белгілі.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін Алтынбек Қоразбаев «Ақорда» бағдарламасына сұхбат берді. Халық әртісі әңгімесін ерекше қалжыңмен бастап, ресми шарадан кейінгі сұхбатқа еркін реңк берді.
Ол журналист қызға немересіне келін іздеп жүргенін айтып, журналст қызға «құда түсті».
Айта кетейік, Астанада Алтынбек Қоразбаевтың «Ән әлемі тәлімгері» атты шығармашылық кеші өтті.
Алтынбек Қоразбаев кім?
Алтынбек Қоразбаев – белгілі әнші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі. Ол 1948 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданының Қызылсай ауылында дүниеге келген. Қазақ ән өнерінде орындаушы, сазгер әрі ұстаз ретінде танылған.
Өнерге қызығушылығы бала кезінен басталған. Үшінші сыныпта оқып жүргенінде ағасы Бескемпір оған сегіз ішекті мандолин әкеліп берген. Кейін гармошка тартуды үйреніп, ән айтуға ден қойған. Он бес жасында Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түскен.
Алтынбек Қоразбаев — «Қара кемпір», «Қара шал», «Сағындым Кенен атамды», «Ақ моншақты аруым», «Сағындым Алматымды» секілді көпшілікке белгілі әндердің авторы. Оның шығармаларында туған жерге сағыныш, ата-анаға құрмет пен адам тағдыры кеңінен жырланады. Әнші Кенен Әзірбаевтың «Бозторғай», «Базар-Назар», «Қайран жастық» шығармаларын да орындайды.
Өнер жолында талай шәкірт тәрбиелеп, жас әншілердің сахнада қалыптасуына үлес қосқан. Мәдениет саласындағы еңбегі үшін 1993 жылы Қазақстанның, 1994 жылы Қырғызстанның Халық әртісі атағына ие болған.