Актриса Айжұлдыз Адайбекова 30 жасқа толған туған күнін 90-жылдар стилінде ұйымдастырды. Мереке иесі мен қонақтар сол кезеңнің киімдерін киіп, «тәтелер» мен «ағалардың» кейпіне енген, деп хабарлайды ult.kz.
Кешке келгендер тақырыпқа сай киініп, жасанды шаш тағып, әдеттегі келбетін өзгерткен. Қонақтар қатарында Индира Сабирова, Дана Тасболатова, Шыңғыс Капин және Нұрай Жеткерген болған. Олар ән айтып, би билеп, көңілді сайыстарға қатысқан. Туған күннен түсірілген фото-видеоларды қонақтар әлеуметтік желідегі парақшаларында бөлісті.
Ерекше отырыстың көріністеріне желі қолданушылары да пікір қалдырған. Бірі қонақтарды танымай қалғанын жазса, енді бірі Айжұлдыздың анасы Жанар Айжановаға ұқсай түскенін айтқан. Оқырмандар арасында кештің идеясын ұнатып, ұйымдастырушылардың тапқырлығын мақтағандар да бар.
Айта кетейік, Жанар Айжанова тосын пікір білдірді.
Айжұлдыз Адайбекова кім?
Айжұлдыз Адайбекова – қазақстандық актриса, әнші, дизайнер әрі блогер. Ол — танымал әнші және актриса Жанар Айжанованың қызы. Көпшілікке әлеуметтік желідегі шығармашылық видеолары арқылы да таныла бастаған. Кейін сән, музыка және актерлік өнер салаларында өзін сынап көрді.
Айжұлдыз бала кезінен музыкалық білім алған. Өзінің айтуынша, Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқып, флейта, шаңқобыз, барабан, сазсырнай, фортепиано және гобой аспаптарын меңгерген. Алайда өзіне деген сенімсіздіктің салдарынан сегіз жыл бойы әншілікке бет бұруға батылы жетпегенін айтқан. 2022 жылы музыкаға қайта оралып, тыңдарманға Julie есімімен таныла бастады.
Оның шығармашылығында киім дизайнының да орны бөлек. Айжұлдыз Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында осы бағытта білім алған. Германияда да оқып, тәжірибе жинаған. 2019 жылы Kazakhstan Fashion Week аясында жастарға арналған алғашқы киім топтамасын таныстырды. Өз брендін «Mond» деп атаған: бұл сөз неміс тілінен аударғанда «ай» деген мағынаны білдіреді.
Айжұлдыз актерлік өнермен де айналысып, киноға түсіп, театр сахнасына шыққан. 2023 жылы Түркістандағы театр қойылымында басты рөлде ойнаған кезде анасы Жанар Айжанова арнайы келіп, тосынсый жасаған. Әнші сол сұхбатында қызының театрдағы алғашқы қадамына қатты қобалжығанын айтқан.
Өнер иесі сұхбаттарында білім алуға және жаңа дағдыларды меңгеруге мән беретінін жиі айтады. «Қызық Times» бағдарламасында білімін жетілдіруге 30 миллион теңге жұмсағанын мәлімдеген. Сондай-ақ дизайнерлік бойынша курстар өткізгенін де жеткізген. Айжұлдыздың көпшілікке таныс тағы бір қыры — киім таңдаудағы еркіндігі мен ерекше фотосессиялары. Туған күн кештерін де түрлі тақырыпта ұйымдастырып келеді.