Белгілі әнші әрі актриса Жанар Айжанова ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, күйеубалаға деген көзқарас және жастардың ажырасуы туралы ойын ортаға салды. Өнер иесі отбасындағы татулықты сақтаудың өзіндік жолдарын айтып, көпшілікке ой салды, деп хабарлайды ult.kz.
Жанар Айжанова «Айтарым бар» подкастында қазіргі жастардың өмірге деген көзқарасы бұрынғы буыннан өзгеше екенін жеткізді. Оның сөзінше, жас отбасылармен тіл табысу үшін үлкендер де өз ұстанымдарын өзгертіп, кей жағдайда икемділік танытуы қажет.
Әнші әсіресе енелердің келінмен қарым-қатынасында сабыр сақтап, екі тарапқа да бірдей қарауы маңызды екенін айтты.
«Қазір жастардың өмірге көзқарасы басқа. Аңдап сөйлеп, ақырын басып, ыңғайлану керек. Ененің сайқал саясаты болу керек. Екі жақты бірдей ұстайтын, өзіңді сыйлататын саясатың болғаны жөн. Келін ақсаусақ болса, ақырындап үйрету керек. Күйеубала да сондай, ол да біреудің ерке баласы. Оны да бауырға тартқан дұрыс. Бәрі басымнан өтті. Ал жастардың ажырасып жатқаны — өте қайғылы нәрсе», – деді өнер иесі.
Оның пікірінше, отбасындағы түсініспеушіліктерді ушықтырмай, ақылмен шешуге ұмтылу қажет. Әсіресе жас жұбайлардың арасындағы келіспеушілікке үлкендердің араласуы жағдайды қиындатпай, керісінше, екі жақты татуластыруға бағытталуы тиіс.
Жанар Айжанова келінге ғана талап қоймай, күйеубаланы да өз балаңдай қабылдаудың маңызын атап өтті. Ол жас отбасылардың ажырасуын қоғамдағы алаңдатарлық мәселелердің бірі деп санайды.
Әншінің сөзінше, отбасының берекесін сақтау үшін тек жастар емес, олардың ата-аналары да өзара сыйластық пен түсіністік танытуы керек.
Айта кетейік, бұған дейін де Жанар Айжанова отбасындағы тәрбие мен жезденің рөлі туралы пікір білдіріп, туыстар арасындағы сыйластық пен қарым-қатынастың маңызына тоқталған еді.
Жанар Айжанова кім?
Жанар Айжанова – қазақстандық әнші, актриса, тележүргізуші және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1968 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген. Бала кезінен ән айтып, мектептегі мәдени іс-шараларға белсенді қатысқан. 1985–1986 жылдары Шалқар аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып еңбек еткен. 1995 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін тәмамдаған.
1991–2000 жылдары Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында және “Адырна” фольклорлық-этнографиялық ансамблінде өнер көрсеткен. Қазақтың халық әндерін орындап, ұлттық музыканы насихаттауға үлес қосқан. 2015 жылы Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған “Тарихы тасқа жазылған” атты концерт өткізген. Әншілікпен қатар актерлік және тележүргізушілік қырынан да танылған.
2021 жылы берген сұхбатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алғанын айтып, бұл марапаттың өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізген. Өнер иесінің Айжұлдыз есімді қызы бар. Жанар Айжанова сұхбаттарында отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі және әйелдердің қоғамдағы орны туралы жиі пікір білдіреді. 2026 жылы “Momsкий әңгіме” подкастында жеке өмірі мен екінші некесінің аяқталуы туралы ашық айтқан. Бүгінде ол өнерімен қатар қоғамдық және отбасылық мәселелерге қатысты пікірлері арқылы да көпшілік назарында жүр.