Жанар Айжанова "Айтарым бар" подкастында бала кезіндегі тәрбиесін еске алып, қазақ отбасындағы сыйластық пен туыстық қарым-қатынас туралы сөз қозғады, деп хабарлайды ult.kz.
Сұхбат барысында әнші қазақ отбасында жезде мен балдыз арасындағы қарым-қатынастың да өзіндік әдебі болғанын айтты. Оның сөзінше, өздері өскен ортада туған жездемен қалжыңдасуға рұқсат етілмеген.
"Бізді туған жездемізбен қалжыңдастырмайтын. Тек алыс туыс болып келетін жезделермен қалжыңдасуға болатын. Ал туған жездемен ешқашан ойнауға болмайды деген тыйыммен өстік. Бұл да сыйластықтың бір түрі", – деді Жанар Айжанова.
Өнер иесі бұрынғы отбасылық тәрбиеде келінге қамқорлық жасауға да ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді. Әсіресе, жаңа түскен келін мен босанған әйелді ауыр жұмыстан босатып, оларға жан-жақты көмек көрсетілгенін еске алды.
"Кезінде жеңгелерімізге де көмектесетінбіз. Үйге енді келін болып түскенде немесе босанып келгенде шешеміз оларға бір шелек суды да төктірмейтін. Бұл күйеу балаға да қатысты. Сол себепті туған жездемен ойнамайды деген тәрбие болған", – деп түсіндірді әнші.
Жанар Айжанованың пікірінше, осындай тәрбиенің негізінде адамдардың бір-біріне деген құрметі мен жанашырлығы жатыр. Ол отбасындағы татулықты сақтау үшін тек келіннің үлкенді сыйлауы жеткіліксіз екенін, сыйластық екі жақтан да болуы керектігін атап өтті.
"Осындай сыйластық бар жерде келін енеге қалай ренжиді? Бүгінде сол сыйластықтың арқасында бір-бірімізбен қуанып та, жылап та қауышамыз. Үлкенге де, кішіге де айтарым – арада сыйластық болу керек", – деді өнер иесі.
Әнші уақыттың зымырап өтетінін де еске салып, адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі жақындарымен жақсы қарым-қатынас орнату екенін айтты.
"Кәрілік қуып жетті, тос демеді, жастық шақ өте шықты, қош демеді дейді ғой. Сыйластық бар жерде береке бар. Ол екі жақтан да болуы керек", – деп түйіндеді Жанар Айжанова.
Өнер иесінің бұл пікірі қазақы тәрбиедегі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрінің маңызын тағы бір мәрте еске салды. Оның айтуынша, отбасындағы береке бір адамның ғана міндеті емес, әрбір жанның өзара түсіністігі мен құрметіне байланысты.
Жанар Айжанова кім?
Жанар Айжанова – қазақстандық әнші, актриса және тележүргізуші, қазақ өнерінде өзіндік орны бар танымал тұлға. Ол көпшілікке музыкалық шығармашылығымен, әзіл-сықақ жанрындағы рөлдерімен және телевизиялық жобаларға қатысуымен белгілі.
Жанар Айжанова 1968 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген. Бала кезінен ән мен домбыраға қызығып, мектептегі мәдени шараларға белсенді қатысқан. 1985-1986 жылдары Шалқар аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып еңбек еткен. 1995 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін тәмамдаған. 1991-2000 жылдары Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында қызмет атқарған. Осы кезеңде "Адырна" фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрамында өнер көрсеткен. Кейін "Гүлдер" ансамблінде әншілік қызметін жалғастырған. Оның шығармашылығында ұлттық музыка мен дәстүрлі ән өнері маңызды орын алады. Өнер иесі "Мен қазақ қыздарына қайран қалам", "Достарым", "Қобызым" секілді әндерді орындауымен танымал.
Жанар Айжанова әншіліктен бөлек, тележүргізушілік және актерлік қырынан да танылған. Ол КТК және басқа да телеарналардағы бағдарламаларды жүргізген. Сонымен қатар "Отбасы", "Тақиялы періште" телесериалдары мен "Q-елі" әзіл-сықақ жобасына қатысқан.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған "Тарихы тасқа жазылған" атты концертін өткізген. Сол жылы "Дара жол" бағдарламасында шығармашылық жолы туралы әңгімелеген. Әнші Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты және Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанған. 2020 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілген.
Бүгінде Жанар Айжанова түрлі сұхбаттар мен телевизиялық бағдарламаларға қатысып, өнер және қоғам тақырыптарында пікір білдіріп жүр.