Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлдың фильм тұсаукесерінде жүргізушіге айтқан ескертуі әлеуметтік желіде талқыға түсті, деп хабарлайды ult.kz.
Осы оқиғадан кейін асаба Нұрбек Саламатов кәсіпкермен жүздесіп, кездесудің қалай өткенін баяндады.
Нұрбектің сөзінше, Жұмабек Жанықұл сол жолғы сөзін әзіл ретінде айтқысы келгенін түсіндірген. Әңгіме барысында кәсіпкер інілеріне еркін әзілдейтінін, кейде еркелетіп, құлағынан шертіп, тіпті бетінен тістеп қоятынын да айтқан.
Кездесуде Жұмабек Жанықұл асабаға ақ тілегін арнап, оның да кейін інілеріне қамқор аға болатынына сенім білдірген. Нұрбек өз кезегінде арнайы шақырып, сөйлескені үшін алғыс айтқан. Екеуі жылы қоштасқан.
Айта кетейік, Динара Сәтжан сөзге қалған күйеуіне араша түсті.
Жұмабек Жанықұлов кім?
Жұмабек Есілбекұлы Жанықұлов — қазақстандық кәсіпкер, тележүргізуші Динара Сәтжанның жұбайы. Ол өндіріс, металлургия, химия және медицина салаларындағы кәсіпкерлік жобаларымен танылған. 2022 жылы Forbes Kazakhstan басылымының «Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені» рейтингінде 46-орынға енген.
Кәсіпкер — барит кенін өңдейтін Karazhal Operating және өнеркәсіпке арналған арнайы химиялық өнімдер жеткізетін Global Chemicals Company компанияларының негізін қалаушы. Forbes-тің 2022 жылғы мәліметінде оның Saryopan Operating, Тараз металлургиялық зауыты және Nova Medical Centre медициналық орталықтар желісінде үлесі болғаны көрсетілген. Сондай-ақ ол «Кемел Ұрпақ» қоғамдық қорының негізін қалаған.
2025 жылғы сәуірде Жұмабек Жанықұлов пен Динара Сәтжанның ресми некелескені белгілі болды. Кәсіпкердің есімі ақпарат құралдарында Жұмабек Жанықұл деп те жазылады.