Танымал әнші Төреғали Төреәлі үлкен қызы Кәусардың емделуіне көмектесіп жүрген дәрігерге бір миллион теңге сыйға тартты. Өнер иесі бұл қуанышты сәттің видеосын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Әнші қызы ем қабылдап жүрген оңалту орталығына арнайы барып, ондағы мерекелік іс-шараға қатысқан. Жиналғандарға бірнеше ән орындап, балалар мен олардың ата-аналарына көтеріңкі көңіл күй сыйлаған.
Кездесу барысында Төреғали қызының емінде оң өзгеріс бар екенін айтып, дәрігерге ерекше алғысын білдірді. Өнер иесінің сөзінше, маманның еңбегі мен оңалту шараларының нәтижесінде Кәусар еңбектеуді үйренген. Бұл жаңалық әншінің отбасы үшін үлкен қуаныш болған. Қызының жетістігіне қуанған әке дәрігерге ризашылығының белгісі ретінде бір миллион теңге табыстады. Сондай-ақ ақ халатты мамандардың еңбегін бағалап, балалардың денсаулығына қатысты жүрекжарды тілегін өлең жолдарымен жеткізді.
"Жанары тұрған шіркін жанып оттай,
Бөбектерді шетелге жамыратпай.
Бір күнде бұйрық келіп Жаратқаннан
Барлық бала кетсе екен шауып аттай!" – деді әнші.
Төреғали Төреәлі бұл өлеңі арқылы ем қабылдап жүрген балалардың бәрі сауығып, өз аяғымен жүріп кетсе деген тілегін білдірді.
Әншінің жариялаған бейнежазбасына желі қолданушылары көптеген жылы пікір қалдырған. Олар Кәусардың еңбектей бастағанына қуанып, денсаулығының жақсара беруін тілеген.
Сондай-ақ оқырмандар дәрігерлердің еңбегін бағалап, қызының әрбір жетістігіне қуанып жүрген әкеге қолдау білдірген.