Қазақ эстрадасында өз атымен емес, сахналық есімімен танылған өнер иелері аз емес. Бірі бала күнгі лақап атын таңдаса, енді бірі есімін қазақшалау үшін өзгерткен. Тіпті кейбір әншілер көпшілік таныған атына үйренгені соншалық, құжаттарын да ауыстыруға мәжбүр болған. Ендеше, елге басқа есіммен танылған бес өнер иесінің қызықты оқиғасына тоқталайық, деп хабарлайды ult.kz.
1. Өктем Алтаев: шын есімі – Октябрь

Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші Өктем Алтаевтың азан шақырып қойған есімі – Октябрь. Өнер иесінің айтуынша, ата-анасы бұл есімді оған қазақ волейболының дамуына зор үлес қосқан Октябрь Жарылғаповтың құрметіне қойған. Алайда үйдегілер оны кішкентайынан Өктем деп атап кеткен.
Әнші "Алтаевта" ансамблінен бөлініп, жеке шығармашылық жолын бастағанда осы есіммен сахнаға шығуды жөн көрген. Оның мұндай шешім қабылдауына сол кездегі қазақы есімдерге бетбұрыс та әсер еткен. Өнер иесі Октябрь сөзін орысша атау деп ойлап, ел алдына Өктем есімімен шығуды қалағанын айтқан. Бірақ кейін бұл шешіміне басқаша қарай бастаған. Әсіресе бірге оқыған достары мен әскердегі жолдастары оны әлі күнге дейін Октябрь деп атайтынын жеткізген.
Әнші сұхбаттарының бірінде ата-анасы қойған есімді өзгертудің қажеті болмағанын түсінгенін мойындаған. Тіпті алдағы уақытта Октябрь Алтаев деген атпен сахнаға шығу ойы барын да айтқан.
2. Айдар Тұрғамбек: бұрынғы есімі – Ерсінбек Байжанов

"Жігіттер" тобының мүшесі Айдар Тұрғамбектің де ел біле бермейтін есім тарихы бар.
Әншінің айтуынша, дүниеге келгенде ата-анасы оған Ерсінбек деген ат қойған. Алайда сәби кезінде шашы өте сирек болғандықтан, үлкендер қазақтың ырымымен оны Айдар деп атап кеткен. Уақыт өте келе бұл есімнің кең тарағаны соншалық, айналасындағы адамдардың ешқайсысы оны Ерсінбек деп атамайтын болған.
Кейін "Жігіттер" тобы құрылып, өнер жолын бастағанда да ол Айдар есімімен танылды.
Бірақ құжаттағы аты мен көпшілік білетін есімінің екі түрлі болуы кейде қолайсыздық туғызған. Мәселен, ұшаққа билет рәсімдеген кезде төлқұжатында Ерсінбек деген есім жазылғанын көрген адамдар таңғалған екен. Осы жағдайлардан кейін әнші аты-жөнін ресми түрде өзгертуге шешім қабылдаған. Оның айтуынша, бұрынғы құжатында Ерсінбек Байжанов деп жазылса, кейін Айдар Тұрғамбек болып өзгертілген. Ал Тұрғамбек – әншінің әкесінің есімі.
3. Асқар Жүнісбеков: құжаттағы есімі – Асқартау

"Хат жазып тұр", "Сен қасымда болмасаң" әндерімен танылған Асқар Жүнісбековтің құжаттағы есімі көпшілік білетін атынан өзгеше.
Әнші өзінің шын есімі Асқартау екенін "Төрлетіңіз" бағдарламасында ашық айтқан. Бұл туралы одан бағдарлама жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы сұраған. Өнер иесінің сөзінше, Асқартау есімін оған әкесінің нағашысы қойыпты. Алайда күнделікті өмірде айналасындағы адамдар оны Асқар деп атап кеткен. Уақыт өте келе осы қысқа есімге бәрі үйреніп қалған. Тек туған-туыстарының арасындағы үлкен кісілер ғана оны Асқартау деп атайды екен. Әншінің айтуынша, ресми құжаттарында әлі де Асқартау деген есім жазылған.
Сондықтан Асқар оның арнайы ойлап тапқан сахналық аты емес, бала күнінен қалыптасқан қысқарған есімі деуге болады. Өнер иесінің бұл әңгімесі 2023 жылы жарияланған сұхбатынан кейін көпшілікке белгілі болды.
4. Кентал: Дженнифер Лопестен шабыт алған әнші

Қазақстандық әнші Кенталдың шын есімі – Талғат Кенжеболатов. Ол өзіне ерекше сахналық ат таңдаған өнер иелерінің бірі.
Әншінің айтуынша, бала кезінде америкалық әнші әрі актриса Дженнифер Лопестің шығармашылығына қызыққан. Әсіресе оның қысқартылған есіммен танылуы Талғаттың назарын аударған. Осыдан кейін ол да өз аты мен тегін біріктіріп, тың атау ойлап табуды шешкен. Сөйтіп, тегінің алғашқы үш әрпі мен есімінің алғашқы үш әрпін қосып, КенТал деген атауды шығарған. Бұл есім біртіндеп оның шығармашылық лақап атына айналды. Кенталдың сахналық есімі кездейсоқ қойылмаған, әнші оны өзі ойластырып таңдаған.
Ол "Бірлік болсын әлемде" әні арқылы да тыңдарманға таныс. Осылайша, әлемдік эстрада жұлдызының есіміне қызығушылық қазақстандық әншінің де өзіндік сахналық ат табуына түрткі болған.
5. Аша Матай: сахналық есімінің артында әкесінің еркелетуі жатыр

Танымал тележүргізуші, актриса әрі әнші Аша Матайдың шын есімі – Ақбота Асқарбекова.
Көпшілік оны Аша есімімен танығанымен, бұл атаудың пайда болуына бала күнгі ерекше еркелету себеп болған. Өнер иесінің айтуынша, әкесі оны кішкентайынан "Боташа" деп атаған. Кейін сахнаға шығатын кезде осы сөздің соңғы үш әрпін алуды жөн көрген. Осылайша, Ақбота есімінің орнына Аша деген қысқа әрі есте қаларлық атау таңдалған.
Ал сахналық есіміндегі Матай сөзі оның шыққан руымен байланысты. Өнер иесі Найман тайпасының Матай руынан екенін айтқан. Сахналық атты таңдауға оның ата-анасы мен продюсері де қатысқан. Нәтижесінде бала күнгі еркелету сөзі мен ру атауы бірігіп, Аша Матай есімі пайда болған. Осылайша, көпшілікке таныс сахналық аттың астарында әншінің отбасы мен шыққан тегіне қатысты тарих жатыр.
Сахналық есімнің де өз тарихы бар
Бұл бес өнер иесінің өміріндегі ортақ жайт – көпшілікке танылған есімдерінің әрқайсысының өзіндік тарихы болуы. Бірі ата-анасы қойған атын өзгертіп, кейін сол шешіміне өкінсе, енді бірі бала күнгі лақап атына әбден үйреніп, құжатын да жаңартқан. Ал кейбір әншілер үшін сахналық ат жақындарының еркелетуінен немесе өздерінің шығармашылық ізденісінен туған.
Қалай болғанда да, өнер иелерінің елге танылуына тек есімі емес, ең алдымен шығармашылығы ықпал етті. Дегенмен сахналық аттарының шығу тарихы олардың өміріндегі көпшілік біле бермейтін қызықты жайттарды ашып береді.