Тоқаев: Қазақстан экономикасы 2019 жылдан бері 30 пайызға жуық өсті

Тоқаев: Қазақстан экономикасы 2019 жылдан бері 30 пайызға жуық өсті
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңындағы жиында ел экономикасының өсімі, халықтың әл-ауқаты және өнеркәсіп саласындағы жетістіктер туралы айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасы 30 пайызға жуық өскен. Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі 15 мың доллардан асқан.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар аударылған. Былтыр елде 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, бұл көрсеткіш рекордтық деңгейге жеткен.

Президент азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындағанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша өңірде көш бастап тұрғанын айтты.

Тоқаев ұлттық экономиканың әлеуетіне тоқталып, елдің жалпы ішкі өнімі 350 миллиард долларға жақындағанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында екінші орында тұр. Ал шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жеткен.

Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 45 пайыздан асты

Мемлекет басшысы соңғы жылдары өндіріс пен көлік-логистика саласында да ілгерілеу бар екенін айтты.

Соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 45 пайыздан асқан. Қазақстанда теміржол саласына қажетті рельстер мен шпалдардан бастап, вагондар мен электровоздарға дейін өндіріле бастаған.

Автокөлік өндірісі де қарқын алған. Президенттің мәліметінше, елімізде жыл сайын 150 мыңнан астам жеңіл және жүк көлігі шығарылады.

Сонымен қатар соңғы жеті жылда Қазақстанға 155 миллиард доллар инвестиция тартылған.

«Жыл басынан бері жалпы сомасы 60 миллиард доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылды. Осының өзі көп нәрсені аңғартады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның Еуразиядағы жетекші көлік-логистика хабы ретіндегі рөлін де атап өтті. Оның сөзінше, елде әуежайлар, вокзалдар, көпірлер мен теңіз айлақтары салынып, жөнделіп жатыр. Шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасады.