Қазақстанда мерзімді әскери қызметті екі кезеңге бөліп, алғашқы алты айда сарбаздарды оқу орталықтарында, келесі алты айда әскери бөлімдерде даярлау жоспарланып отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды ult.kz.
Жиында әскери реформа жоспарының жобасы қаралды. Мемлекет басшысы заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құру қажеттігін атап өтті.
«Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс», – деді Президент.
Армияда қандай өзгерістер болады?
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева әскери реформаның негізгі бағыттарын таныстырды. Жоспар бойынша:
- Қарулы күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау;
- Әскери басқару және қорғанысты жоспарлау жүйесін жетілдіру;
- Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру;
- Армияның негізгі компоненттерін нығайту;
- Әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды күшейту көзделген.
Сонымен қатар әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр. Әскердегі жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алып, әскери тәртіпті күшейтуге де басымдық беріледі.
Әскерге шақырылушылар қалай даярланады?
Әскери реформаның маңызды бағыттарының бірі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу.
Жоспарға сәйкес, алғашқы алты айда сарбаздар оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік даярлыққа және бөлімше құрамында міндеттерді орындауға машықтанады.
Бұдан бөлек, «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту, мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту және бастапқы әскери даярлықты жетілдіру жоспарланған.
Реформа қашан жүзеге асырылады?
Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту жоспарын таныстырды. Оның негізгі бағыттарының бірі – жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегия қабылдау және тәрбие жұмысын «Заң мен тәртіп» қағидатына сай жетілдіру.
Жоспардағы ұйымдастыру шараларын биылғы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістерді келесі жылы жүзеге асыру көзделген.
Отырыс қорытындысы бойынша Әскери реформа жоспары мақұлданды. Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия жұмысы да жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Президент әскери қауіпсіздік бүкіл мемлекетке ортақ міндет екенін атап өтіп, реформаның уақтылы әрі толық орындалуы керектігін тапсырды. Жоспардың іске асырылуын Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесі үйлестіреді.