"Сені жоғалтуға дайын емеспін": Айгүл Иманбаева көз жасына ерік берді

"Сені жоғалтуға дайын емеспін": Айгүл Иманбаева көз жасына ерік берді
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Айгүл Иманбаева ата-анасынан айырылу қорқынышы туралы ашық айтып, жан сырын ақтарды. Өнер иесі әкесінің қазасынан кейін анасын жоғалтып алудан қатты қорқатынын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Әншінің сөзінше, ата-ананың мәңгі жанымызда жүрмейтінін ол әкесі өмірден өткенде терең түсінген. Сол уақытта Англияда білім алып жүрген Айгүл елге оралған сәтте анасын құшақтап, көз жасын тыя алмағанын еске алды.

"Мен ата-ананың мәңгі қасымда жүрмейтінін әкем өмірден өткенде сезіндім. Мен сол кезде Англияда оқып жүрмін. Үйге келгенде анамды бас салып құшақтап, жылағаным есімде. Тәте, мен сені жоғалтуға дайын емеспін. Өлімді қабылдау керек екенін білемін. Бірақ ешкім әке-шешесін жоғалтуға дайын емес. Анама: “Сен кетпеші, жүре тұршы”, – деп жыладым", – деді әнші.

Айгүл Иманбаева әкесімен 40 жыл бойы араласпағанын да жасырмады. Араға ұзақ жылдар салып қайта қауышқанымен, көп ұзамай одан айырылу әншіге оңай соқпаған.

Өнер иесі жақын адамынан айырылудың ауыр екенін айтып, әсіресе ананың орны әр баланың өмірінде бөлек екенін жеткізді. Оның сөзінше, адам қанша есейсе де, ата-анасының жанында өзін бала сезінеді.

Әншінің жүрекжарды әңгімесі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Желі қолданушылары оның сезімін түсінетіндерін айтып, өздерінің де аналары мен өмірден өткен жақындарын еске алған. Кейбір оқырмандар өнер иесінің сөздерін тыңдап отырып, көздеріне жас алғандарын жазған.

Айгүл Иманбаева кім?

Айгүл Серікқұлқызы Иманбаева – қазақстандық әнші, актриса, тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1977 жылы 15 наурызда Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Кенен ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге жақын болып, музыка мектебінде баян аспабын меңгерген. 1994 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, 1998 жылы оқуын аяқтаған.

Еңбек жолын Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде оқытушы болып бастаған. Кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса ретінде еңбек етті. 2001 жылы "Хабар" арнасындағы "Ұят болмасын" бағдарламасына қатысып, тележүргізуші ретінде де танылды

Әншілік жолында "Таңғы елес", "Ақ гүлдер", "Күзбен сырласу" секілді әндерді орындап, тыңдарман ықыласына бөленді.

2004 жылы халықаралық "Азия дауысы" байқауының «Қазақ әндері» аталымында бас жүлдені жеңіп алды. 2006 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды.

2011 жылы Алматыда "А.И" атты жеке театрын ашты.

2015 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.

Жеке өміріне келсек, әншінің актер Сәбит Әбдіхалықовпен бұрынғы некесінен Асылжан есімді ұлы бар. 2024 жылы өнер иесі қайта тұрмыс құрғанын жариялады.

Бүгінде Айгүл Иманбаева әншілік пен актерлік өнерді қатар алып жүрген қазақ эстрадасының танымал өкілдерінің бірі.