24 қазанда ауа райы қандай болады?

24 қазанда ауа райы қандай болады?
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

24 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде қар жауып, көктайғақ болады. Оңтүстікте жел күшейіп, кей жерлерде шаңды дауыл тұрады, деп хабарлайды ult.kz.

Астанада жауын-шашын күтілмейді. Ауа температурасы түнде −5…−7, күндіз +2…+4 градус болады. Оңтүстік-батыстан секундына 5–10 метр жылдамдықпен жел соғады. Алматыда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз өтеді. Түнде −2…−4 градусқа дейін суытып, күндіз +4…+6 градус болады. Шымкентте түнде +2…+4, күндіз +13…+15 градус жылы. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. 

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және таулы аудандарында қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Павлодар облысының кей жерлерінде түнде аздаған қар күтіледі. Солтүстік Қазақстан мен Ұлытау облыстарында түнде және таңертең тұман түседі. 

Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейеді. Түркістан облысының солтүстігінде күндіз шаңды дауыл болжанады. Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында жауын-шашын болмайды, күндіз ауа +11…+16 градусқа дейін жылынады.