20 қазанда Испанияның Рокетас-де-Мар қаласында аяқталған U7–U17 жас топтары арасындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған FIDE әлем чемпионатында Қазақстан шахматшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Республика күні қарсаңында ел құрамасы 13 медаль жеңіп алды, оның ішінде жеті алтын, екі күміс және төрт қола марапат бар. Алтын медаль иегерлерінің арасында — 13 жасар Данис Қуандықұлы бар. Ол өзінің спорттық карьерасында үшінші рет әлем чемпионы атанып отыр. Жарысқа дайындықты спортшы Allur отандық автомобиль компаниясының қолдауымен Жансая Әбдімәлік шахмат академиясында өткізді.
Халықаралық біріншілікке 82 елден 721 шахматшы қатысты. 11 тур бойы қатысушылар 12 жас және гендерлік санат бойынша медальдар үшін бақ сынасты. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан Моңғолия мен Өзбекстанды артқа тастап, медальдар кестесінде көш бастады.
Турнирде Данис дерлік мінсіз нәтиже көрсетті. 13 жасқа дейінгілер санатында ол мүмкін болған 11 ұпайдың 10,5 ұпайын жинап, он жеңіске жетті және тек бір партияны тең аяқтады. Қазақстандық спортшы турнирді бірде-бір жеңіліссіз өткізіп, Мысырдан келген жақын қуғыншысын бір жарым ұпайға басып озды.
Данис үшін бұл титул карьерасындағы үшінші жеңіс болды. Ол алғаш рет әлем чемпионатын 2023 жылы Мысырда 10 жасқа дейінгі шахматшылар арасында жеңіп алған еді. Екі жылдан соң ол табысын Алматыда өткен әлем біріншілігінде 12 жасқа дейінгілер санатында кайталады. Испаниядағы бұл жеңіс жас қазақстандық спортшының халықаралық жетістіктер сериясын одан әрі жалғастырды. Данистің айтуынша, ол әлем чемпионатындағы үшінші жеңісін Қазақстанға арнайды және оны Республика күніне арналған тарту деп санайды.

Қазақстанның басқа өкілдері де жоғары нәтижелер көрсетті. Өз жас санаттарында Лейла Алдажарова, Макар Чернышов, Амалия Едрешева, Милана Филиппова, Әміржан Әнетов және Алдияр Жауынбай әлем чемпиондары атанды. Сонымен қатар, Милана Филиппова 11 жасқа дейінгі қыздар арасындағы турнирде барлық 11 партияда жеңіске жетіп, абсолютті нәтиже көрсетті.
Испаниядағы бұл табыс қазақстандық шахмат үшін нәтижелі маусымның заңды жалғасы болды. 2026 жылдың қыркүйек айында Самарқандта өткен 46-шы Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында елдің әйелдер құрамасы күміс медаль иеленіп, 2024 жылғы жетістігін қайталады. Сонымен қатар, Қазақстанда жас ойыншыларды даярлау жүйесі белсенді дамып келеді. Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы қазірдің өзінде 1 500-ден астам мектеп пен 60 мың оқушыны қамтиды.

Испанияда өткен әлем чемпионатының қорытындысы қазақстандық шахматшылардың жаңа буынының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жеті чемпиондық титул мен медальдар есебіндегі бірінші орын отандық шахмат мектебінің кезекті маңызды жетістігіне айналды.