Тележүргізуші Динара Сәтжан күйеуі, кәсіпкер Жұмабек Жанықұлдың фильм премьерасында жүргізуші Нұрбаның құлағынан шерткеніне қатысты пікір білдірді. Ол бұл әрекетті өзара қалжың деп түсіндіріп, жағдайды дауға айналдырмауға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Динараның айтуынша, жұбайы өнер адамдарымен бұрыннан араласады әрі олармен жиі әзілдеседі. Тележүргізуші желіде талқыға түскен бейнежазба Серік Ибрагимовтің «Заманбек 2» фильміне қосымша жарнама болды деп есептейді.
"Меніңше, Жұмабек Серік Ибрагимовтің “Заманбек 2” фильміне керемет жарнама жасап берді. Нұрбаның құлағынан саусағымен шертіп қалғанының өзі жеткілікті болды. Нұрба да жарады! Шығып, мұның жай ғана қалжың екенін түсіндірді", – деді ол.
Тележүргізуші Нұрба мен Серік Ибрагимовті көп жылдан бері танитынын айтты. Екеуі де бұған дейін оның бағдарламасына қонақ болған. Динара ортақ ортада жүрген адамдар бір-бірінің мінезі мен әзілін жақсы түсінетінін жеткізді.
Сондай-ақ ол жұбайының өнер адамдарына қолдау көрсетіп жүретінін, оларды бауырындай көретінін атап өтті.
"Жігіттер Жұмабекке үлкен құрметпен қарайды. Оны білетіндердің бәрі оның адамдарға қаншалықты көмектесетінін жақсы біледі. Жұмабек үнемі осылай қалжыңдайды. Ол бұл жігіттерге өз бауырындай қарайды. Сондықтан жоқ жерден дау іздеудің қажеті жоқ. Мұны “Заманбек” фильміне жасалған жарнама деп қабылдаған дұрыс", – деді Динара Сәтжан.
Айта кетейік, Нұрбек Саламатов Жұмабек Жанықұлмен болған оқиғаға пікір білдірді.
Динара Сәтжан кім?
Динара Сәтжан - қазақстандық журналист, тележүргізуші және кәсіпкер. Ол 1982 жылғы 21 қыркүйекте сол кездегі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Көпшілікке жаңалықтар жүргізушісі және танымал тұлғалармен сұхбаттасатын авторлық бағдарламалары арқылы танылды.
2006–2008 жылдары «Астана» телеарнасында жұмыс істеген. Кейін «Хабар» арнасына ауысып, 2012 жылға дейін жаңалықтар жүргізді. Телевизиядағы қызметін жалғастырып, 2012 жылы «Статус QUO», 2014 жылы «Sky Студия» бағдарламаларын шығарды. Бұл жобалардың авторы әрі жүргізушісі ретінде кәсіпкерлермен, өнер және спорт өкілдерімен сұхбаттасты.
Динара Сәтжан журналистикамен қатар сән саласында да кәсіп бастаған. 2010 жылы қазақстандық дизайнерлердің киім топтамаларын ұсынатын шоурумдар желісін ашты. Кейін өзінің есімімен аталатын киім брендін дамытты. Сондай-ақ ол — «Қазақстан ханымы – 2008» байқауының жеңімпазы.