Актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарына ақ тілегін жеткізіп, қандай қиындық кездессе де, еңсені түсірмеуге шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі 2026 жылғы 23 қазандағы жазбасында әр адамның арманы орындалып, болашағы жарқын болуын тіледі.
“Өмір жолдарыңызда қандай кедергі кездессе де, еңселеріңіз түспесін. Армандарыңыз асқақ, ниеттеріңіз ақ, тағдырларыңыз жарқын болсын”, — деп жазды актриса.
Сондай-ақ Дариға Бадықова әр жанның өзіне лайық құрмет пен шынайы махаббатқа бөленіп, жан тыныштығын табуын қалайтынын айтты.
“Ешкімнің бақыты ешкімге тәуелді болмасын. Әр адам өзіне лайықты сый-құрметін, шынайы махаббатын, жан тыныштығын тапсын. Шынайы тілегім сіздерге”, — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі сүйіктісін көрсетті.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Болатқызы Бадықова - қазақстандық театр және кино актрисасы, продюсер. Ол 1985 жылғы 1 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында “Музыкалық драма және режиссура” мамандығы бойынша білім алған. Өнер жолында режиссер Болат Атабаевтың “Ақсарай” музыкалық театрында еңбек еткен.
Көпшілік оны “Келінжан” телехикаясындағы Айсара рөлі арқылы жақсы таниды. Отбасылық өмір мен ауыл тіршілігін әзілмен жеткізетін жобада актриса мінезі өткір келіннің бейнесін сомдады. Кейін телехикаяның негізінде түсірілген толықметражды фильмдерге де қатысты. Сондай-ақ “Қазақша бизнес” фильмдер сериясындағы Мақпал рөлін ойнады.
Дариға актерлікпен қатар кино өндірісінде продюсер ретінде де жұмыс істейді. 2023 жылы жарық көрген “Таптым-ау сені” романтикалық комедиясында басты рөлдердің бірін сомдап, продюсері болды. Бұл фильмдегі экрандық серіктесі — актер Олжас Абай. Өнер иесі аталған туындыны көрерменге Айсарадан басқа бейнеде көріну үшін түсіргенін айтқан.
Актриса “Таптым-ау сені” фильмін марқұм әкесі мен ұстазы Болат Атабаевтың рухына арнағанын жеткізген. Кейін фильмнің жалғасын түсіріп, продюсерлік жұмысын жалғастырды. Киноға түсумен қатар ән орындап, өз жобаларының саундтректерін де көрерменге ұсынған.