Рецептсіз дәрі сатқан: Жамбыл облысының дәріханаларына 2,7 млн теңге айыппұл салынды

Рецептсіз дәрі сатқан: Жамбыл облысының дәріханаларына 2,7 млн теңге айыппұл салынды
ашық дереккөзден

Жамбыл облысында дәрілік препараттарды тиісті рецептсіз сату деректері бойынша 16 әкімшілік іс қозғалып, дәріханаларға жалпы сомасы 2 млн 681 мың 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ult.kz.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында рецептсіз дәрі сату фактілері бойынша ведомствоға 16 материал түскен. Олардың барлығы әкімшілік іс қозғауға негіз болған.

Айыппұлдардың жалпы сомасы 2 миллион 681 мың 500 теңгені құрады.

Мұндай заңбұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстарына бірнеше орган қатысады. Құқық қорғау органдары тиісті материалдарды жолдағаннан кейін бейінді департамент оларды қарап, өз құзыреті шегінде шара қабылдайды. Бақылау медициналық ұйымдардың қызметі мен дәрілік заттардың айналымын да қамтиды.

Бұған дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрі бағасын негізсіз көтеру мен препараттарды рецептсіз сатуды еліміздегі дәріханаларда жиі кездесетін заңбұзушылықтардың қатарына жатқызған болатын.