Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова қазақстандық өнер жұлдыздарының кәсібін сынға алған маманның пікіріне жауап берді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында өзгенің еңбегіне мін таққанша, алдымен жеке кәсіп ашып, нәтижесін көрсету керегін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде танымал өнер иелерінің бизнесіне қатысты сын айтылған болатын. Желі қолданушысының пікірінше, кейбір жұлдыздар кәсіп жүргізуде өздерінің танымалдығына арқа сүйеп, қызмет көрсету сапасы мен тазалық мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмейді.
Сынға іліккендердің қатарында продюсер Гүлзира Айдарбекова, әнші Жазира Байырбекова және актриса әрі тележүргізуші Аша Матай бар.
Аталған пікір Гүлзира Айдарбекованың назарынан тыс қалмады. Продюсер әлеуметтік желідегі парақшасында жауап жариялап, сын айтқан маманның әрекетін көпшілік назарын аударуға бағытталған қадам деп бағалады.
"Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты дегендей, ақылшы болып елді таңғалдырып, атағы бар адамдардың артынан сөйлеп, хайп жинап, подписчик көбейтпей-ақ қойшы. Біздің дүкеннің тазалығындай дүкен ашып, жасап көр алдымен", – деп жазды ол.
Айта кетейік, Назгүл Сәтбаева қазақстандық жұлдыздардың бизнесін сынға алды.
Гүлзира Айдарбекова кім?
Гүлзира Айдарбекова – қазақстандық танымал продюсер, кәсіпкер әрі әнші Қайрат Нұртастың анасы. Ол 1968 жылы 12 сәуірде Түркістан өңірінде дүниеге келген. Балалық шағы Шорнақ ауылында өткен. Отбасындағы сегіз баланың жетіншісі болып өскен.
Гүлзира Айдарбекова жастайынан еңбекке араласып, отбасына көмектесу үшін газет таратқан. Кейін Алматы қаласында жұмыс істеп, сауда саласында тәжірибе жинаған. Жұбайы – Нұртас Айдарбеков. Ерлі-зайыптылар Қайрат, Аян және Заңғар есімді үш ұл тәрбиелеп өсірген.
Ол көпшілікке Қайрат Нұртастың продюсері ретінде танылды. 2008 жылы ұлымен бірге Kairat Nurtas Production продюсерлік орталығын құрған. Әншінің концерттерін ұйымдастырып, сахналық имиджін қалыптастыруға және шығармашылығын насихаттауға атсалысқан.
Сонымен қатар Гүлзира Айдарбекова кино саласында да еңбек етіп, «Арман» фильмінің продюсерлерінің бірі болды. Кәсіпкерлікпен де айналысып, киім саудасы бағытында жұмыс істейді. 2025 жылы Қайрат Нұртастың продюсерлік қызметін ұлының өзіне тапсырғанын мәлімдеді.