Назгүл Сәтбаева отандық шоу-бизнес өкілдеріне тиесілі кәсіпорындардағы қызмет көрсету сапасына көңілі толмағанын айтты. Ол Гүлзира Айдарбекова, Жазира Байырбекова және Аша Матайдың есімдерін атап, танымал адамдардың бизнес жүргізудегі кемшіліктеріне тоқталды, деп хабарлайды ult.kz.
Сұхбат барысында Назгүл Сәтбаева қазақстандық өнер жұлдыздары ашқан дүкендер мен сұлулық салондарына барғанын жеткізді. Оның сөзінше, кейбір мекемелердегі тазалық пен қызмет көрсету деңгейі көңілінен шықпаған.
"Қайрат Нұртастың мамасы Гүлзира Айдарбекованың дүкенінде болдым. Жазираның салонында болдым. Енді айта берсем, Аша Матай… Өте көп, мен айта берем оны, кітапта да кейбір салондарды жаздым", – деді ол.
Сәтбаеваның пікірінше, кейбір танымал кәсіпкерлер өздерінің атағы мен әлеуметтік желідегі аудиториясына арқа сүйеп, қызмет сапасын жақсартуға жеткілікті назар аудармайды.
"Ол адамдар қатты өзінің атына сенеді, аудиториясына сенеді. Бірақ ең мықты маман алуды ойламайды", – деді Назгүл Сәтбаева.
Ол барған сұлулық салондарының бірінде тазалыққа қатысты олқылықтарды байқағанын да жасырмады. Атап айтқанда, еден жууға арналған құралдар мен майлықтардың ретсіз жатқанын айтып, мұндай жағдайдың клиентке жағымсыз әсер қалдыратынын жеткізді.
"Ол үлкен медиалық адамның бет-бейнесі ғой. Болды, менің көңілім қалып қалды", – деді ол.
Дегенмен Сәтбаева бұл жағдайдың нақты қай мекемеде болғанын ашып айтпады.
Кейін ол сұхбаттан үзіндіні Instagram парақшасына жариялап, өз ұстанымын кеңірек түсіндірді. Оның айтуынша, табысты кәсіп жүргізу үшін танымал есімнің болуы жеткіліксіз.
«Шындыққа ешкім ренжімейді деп ойлаймын. Салон болсын, магазин болсын, ресторан болсын — кез келген бизнестің артында мықты директор, администратор немесе басқарушы тұруы керек. Өйткені бизнестің деңгейі тек қызметке немесе өнімге емес, оны басқарып отырған адамның кәсібилігіне де байланысты», – деп жазды ол.
Назгүл Сәтбаева кәсіптің табысты болуы ең алдымен дұрыс басқаруға, кәсіби мамандарға және тұтынушыға көрсетілетін қызметтің сапасына байланысты екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол көңілінен шықпаған мекемелерге екінші рет барғысы келмейтінін жеткізді. Оның пікірінше, танымал адамның атымен ашылған кәсіпке келушілердің талабы да жоғары болады. Сондықтан мұндай орындарда қызмет көрсету деңгейі кәсіп иесінің беделіне сай болуы тиіс.
Айта кетейік, Назгүл Сәтбаеваның сыны өзінің жеке тәжірибесіне негізделген. Оның айтқан кемшіліктері нақты қай кәсіпорынға қатысты екені толық нақтыланбаған. Ал аталған танымал тұлғалардың бұл пікірге қатысты ұстанымы берілген материалда көрсетілмеген.