"Қазақстанда білім емес, "көке" керек": тарихшы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді

"Қазақстанда білім емес, "көке" керек": тарихшы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Қоғам белсендісі, тарихшы Жұмамұрат Шәмші Қазақстандағы жемқорлық, жұмысқа орналасудағы таныстықтың ықпалы және мемлекеттік қаржының жұмсалуына қатысты пікірін айтты. Ол бұл мәселелерді "QASQA JOL" YouTube бағдарламасына берген сұхбатында көтерді, деп хабарлайды ult.kz.

Тарихшының айтуынша, елдегі айыппұл жүйесі мен мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігіне қатысты сұрақ көп. Ол шенеуніктердің халық алдындағы есептілігіне және бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалатынына күмән келтірді.

"Қазақстан ұрлау мен жырлаудың Отанына айналғалы қай заман? Аттап бассаң айыппұл, “Сергек” дейміз, басқа дейміз. Тіпті полицейлерге күніне 10 адамға айыппұл саласың деп тапсырады екен деседі. Жыл аяқталып келеді, жоғарыдағы шенеуніктер жылды аяқтайды, есеп береді, ақшаның қайда жұмсалғанын айтады. Бірақ бәрібір менің көңілім толмайды, ортадан ақшаны жеп қалу, шенеуніктер тек байып кетуді ойлайды", – деді Жұмамұрат Шәмші.

Қоғам белсендісі жұмысқа қабылдау кезінде адамның білімі мен кәсіби дайындығынан гөрі жеке байланыстары маңызды рөл атқаратыны туралы мәселені де қозғады. Оның пікірінше, мұндай жағдай еңбек нарығындағы әділ бәсекеге және азаматтардың тең мүмкіндікке ие болуына кері әсер етеді.

Сұхбат барысында тарихи Отанына оралған қазақтардың қоғамға бейімделуі, құжат рәсімдеу мен жұмыс табу кезінде кездесетін кедергілер де талқыланды.

Сонымен қатар Жұмамұрат Шәмші әлеуметтік желілерде коучтар, блогерлер мен түрлі кеңес берушілердің көбеюіне тоқталды. Әңгіме барысында олардың қоғамға ықпалы, адамдардың мұндай мамандарға не себепті жиі жүгінетіні және осы құбылыстың әлеуметтік себептері сөз болды.

Тарихшы елдегі жүйелі мәселелерді ашық талқылап, мемлекеттік қызметте жауапкершілік пен әділдік қағидаларын күшейтудің маңыздылығына назар аударды.

Жұмамұрат Шәмші кім?

Жұмамұрат Шәмші – қазақстандық тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, журналист және қоғам белсендісі. Ол бірнеше жыл бұрын Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған. Ғалым қазақ халқының тарихы, ұлттық құндылықтар, тіл және қоғамдағы әлеуметтік мәселелер туралы пікір білдіріп келеді.

Оның тарихи-танымдық мақалалары 2011 жылдан бері ақпарат құралдарында жарияланып жүр. Атап айтқанда, Abai.kz порталында Базар жырау Оңдасұлының өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеу мақаласы жарық көрген. Сондай-ақ ол белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбектің еңбегі мен көзқарасына қатысты жазба жариялаған

Жұмамұрат Шәмші қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, түрлі ақпарат құралдарына сұхбат береді. Әсіресе, "Qasqa Jol" YouTube арнасындағы пікірлері арқылы көпшілікке танылған. Тарихшы ұлттық идеология, қазақ тілінің мәртебесі және зиялы қауымның қоғамдағы жауапкершілігі туралы жиі сөз қозғайды. Ол 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне қатысты өз ұсыныстарын да айтқан.

Сонымен қатар Қазақстандағы той мәдениеті мен қоғамдық құндылықтар жөнінде пікір білдірген. Қоғам белсендісі мемлекеттік басқару, жемқорлық және әлеуметтік әділдік мәселелерін де ашық талқылап жүр.