"Ене де, асаба да кірмейді": "Қазақ аруы" Ақкербездің тойындағы ерекше торт жұртты таңғалдырды

"Ене де, асаба да кірмейді": "Қазақ аруы" Ақкербездің тойындағы ерекше торт жұртты таңғалдырды
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

"Қазақ аруы–2024" байқауының жеңімпазы Ақкербез Ысқаққызы мен еркін күрес шебері Әкежан Айтбековтің үйлену тойы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бұл жолы көпшіліктің назарын жас жұбайлардың ерекше үлгіде жасалған алып торты аударды, деп хабарлайды ult.kz.

Жақында ғана ұзату және үйлену тойын өткізген Ақкербез Ысқаққызы Instagram парақшасында салтанатты кештен бейнежазба жариялады. Видеода жас жұбайлардың әдеттегідей торттың қасында емес, оның ортасында тұрғанын көруге болады.

Тойға арнайы дайындалған тәтті шеңбер пішінінде жасалып, жас жұбайларды жан-жағынан қоршап тұрған. Ақ түсті алып торттың беті құлпынаймен көмкеріліп, жиектері қызыл өрнектермен безендірілген.

Ақ көйлек киген Ақкербез бен қара костюмдегі Әкежан торттың ортасына кіріп, оны ішкі жағынан кескен. Ерекше безендірілген тәтті жас жұбайлардың бұл сәтті көпшіліктен оқшау, екеуі ғана атап өтуіне мүмкіндік бергендей әсер қалдырды.

Бейнежазбада "Мұндай тортты Қазақстаннан көрмеген шығарсыз. Қазақстанға жаңа тренд келді" деген жазу көрсетілген. Ал Ақкербез бұл сәтті бақытты күндерінің тәтті қорытындысы ретінде сипаттаған.

"Тортты асабаға бермесін деп қоршап қойған ба?"

Жас жұбайлардың ерекше таңдауы желі қолданушыларын бейжай қалдырмады. Бірі торттың сәніне сүйсінсе, енді бірі оның көлемін әзілге айналдырған.

"Тортты тамадаға бермесін деп қоршап қойған-ау", "Торт проблема болды ғой", – деп жазған желі қолданушылары.

Кейбір пікір қалдырушылар торттың қоршау тәрізді жасалғанын қалжыңға айналдырып, жас жұбайлардың бұл сәтіне ене де, асаба да араласа алмайтынын айтқан. Дегенмен мұндай ерекше кондитерлік туындыға қатысты көпшіліктің пікірі екіге бөлінді. Бірқатар қолданушы оны заманауи әрі сәнді шешім деп бағаласа, басқалары ысырапшылдыққа жатқызған.

Тіпті кейбірі мұндай көлемдегі тортқа жұмсалған қаражатты мұқтаж жандарға көмектесуге бағыттаған дұрыс деген пікір білдірген.

Алайда торттың нақты салмағы мен қанша қаражатқа дайындалғаны туралы мәлімет жарияланбаған.

Ақкербез Ысқаққызының күйеуі кім?

Еске салайық, Ақкербез Ысқаққызы – "Қазақ аруы–2024" ұлттық сұлулық байқауының жеңімпазы. Ол Қызылорда облысының тумасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті.

Оның жары Әкежан Айтбеков – еркін күреспен айналысатын спортшы.

Жас жұбайлардың ұзату және үйлену тойынан жарияланған бейнежазбалары бұған дейін де әлеуметтік желіде қызу талқыланған.

Бұл жолы да ерекше торт көпшіліктің назарын аударып, түрлі пікірге себеп болды. Соған қарамастан желі қолданушылары Ақкербез бен Әкежанға ақ тілектерін арнап, отбасылық өмірлеріне бақыт тілеуде.