"Қазақ аруы–2024" ұлттық байқауының жеңімпазы Ақкербез Ысқаққызы сырғалым атанды. Оның сүйіктісі, еркін күрес балуаны Әкежан Айтбеков аруға үйленуге ұсыныс жасап, келісімін алған, деп хабарлайды ult.kz.
Ақкербез өміріндегі қуанышты сәтті әлеуметтік желідегі оқырмандарымен бөлісті. Ол сүйіктісінің ұсынысын қабыл алғанын айтып, ерекше сезімін жеткізді.
"Миллион рет иә! Шексіз бақыттымын", – деп жазды ару.
Ақкербездің таңдауы түскен Әкежан Айтбеков – еркін күрестен 97 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін спортшы. Ол республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәліметінше, Әкежан 2023 жылы ІІ Түркі универсиадасында алтын медаль жеңіп алған. Сол жылы "Сұңқар–2023. Студенттік спорт жұлдыздары" республикалық байқауында "Үздік студент-спортшы" атанған. Ал 2025 жылы Қырғызстанда өткен ІІІ Түркі универсиадасында 97 келі салмақта күміс жүлдеге ие болған. Бұл туралы Қазақ спорт және туризм академиясы хабарлаған.
Айта кетейік, Ақкербез Ысқаққызы Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келген. Ол 2024 жылы "Қазақ аруы" ұлттық байқауында жеңіске жетіп, көпшілікке танылды. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алатынын айтқан.