Қырғызстанның белгілі қоғам қайраткері, әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Роза Айтматова 89 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Роза (Розетта) Айтматова – мемлекет және қоғам қайраткері Төреқұл Айтматовтың қызы. Ол саналы ғұмырын білім мен ғылымды дамытуға, қоғамдық жұмыстарға және әйелдердің құқықтарын қорғауға арнаған.
Марқұм физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қырғызстанның білім беру саласына еңбегі сіңген қызметкер болған. Ұзақ жылдар бойы ағартушылық қызметпен айналысып, жас ұрпақтың білім алуына үлес қосқан.
Сонымен қатар Роза Айтматова «Әйелдерге көмек көрсету орталығын» басқарып, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге атсалысқан.
Білім, мәдениет және ағарту саласындағы еңбегі үшін Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты атанған.
Роза Айтматова Қырғызстанның қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар тұлғалардың бірі ретінде танылды.