Ақбаян Мұқанғалиева ем қабылдау үшін Алматы қаласына келді. Қай емдеу мекемесіне жүгінгені және емнің қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін жақындары Ақбаянды Алматыға немесе Астанаға апарып, білікті мамандарға көрсетуді жоспарлап жүргенін айтқан. Туыстары оның емін жалғастыруға қолдау қажет екенін де жеткізген еді.
Ақбаян бұған дейінгі сұхбатында психологқа аптасына екі рет барып жүргенін айтқан. Ол денсаулығын қалпына келтіріп, бес баласын қайтадан өз қамқорлығына алғысы келетінін жеткізген. Қазір оған жақындары қолдау көрсетіп келеді.
Айта кетейік, Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет сұхбат берді.
Не жағдай болды?
Ақбаян Мұқанғалиева – Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі қаза тапқан оқиғада ата-анасы мен екі бауырынан айырылған әйел. Оның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемалиев осы қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Оқиғадан кейін Ақбаян ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болған. Жақындарының айтуынша, оған ата-анасы мен бауырларының қайтыс болғанын әлі айтпаған: мамандар оның ауыр хабарды естуге әзірге дайын емес екенін ескерткен. Бес баласы уақытша арнайы мекемелерге орналастырылған. Ақбаян денсаулығын түзеп, балаларын өз қамқорлығына қайтаруды қалайды.