Атырау облысының Жангелдин ауылындағы қайғылы оқиғадан зардап шеккен отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет журналистерге сұхбат берді. Бұл туралы КТК арнасы мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Арна мәліметінше, Ақбаян қанды оқиғадан бері бұған дейін журналистермен тілдеспеген. Ұзақ уақыт ем іздеген әйел қазір туыстарының қамқорлығында, өмірге қайта бейімделіп келеді.
Оның бес баласы балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Ананың бар арманы – денсаулығын қалпына келтіріп, балаларын қайта бауырына басу. Алайда оған әзірге білікті дәрігерлердің емі мен көпшіліктің қолдауы қажет екені айтылды.
Айта кетейік, Ақбаян Мұқанғалиева туралы тың дерек шықты.
Не жағдай болды?
Жангелдиндегі трагедия - бір отбасының төрт мүшесі өлтірілген оқиға. Қаза тапқандар — Ақбаян Мұқанғалиеваның әкесі Мақсот Қарабалин, анасы Нәсіп Өтешқалиева, ағасы Наурыз және әпкесі Мирамгүл. Олар әуелі із-түзсіз жоғалған деп іздестірілген. Кейін ата-анасының денесі Жангелдиндегі үйінің ауласынан, ал ағасы мен әпкесінің денесі Атыраудағы жалдамалы үйдің ауласынан табылған.
Осы қылмыс үшін Ақбаянның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемалиев 2026 жылғы 14 шілдеде өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот оны төрт туысын өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Үкім заңды күшіне енген.
Ақбаянның өзі бастапқыда күдікке ілінгенімен, кейін туыстарының өліміне қатысы жоқ екені анықталып, адам өлтіру бойынша оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ол ем қабылдаған. Қазір туыстарының қолдауымен қалыпты өмірге бейімделіп жүр, бес баласын қайта бауырына алғысы келеді.