Қазақстанда психикалық денсаулық, балаларды оңалту және ерекше қажеттілігі бар адамдарды сүйемелдеу саласында жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысын қайта қарау ұсынылды. Осы мәселеге байланысты Құрылтай депутаты Лариса Ли Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Депутаттардың мәліметінше, бұл салада әлеуметтік қызметкерлер, клиникалық психологтер, логопедтер, дефектологтер және басқа да мамандарды қосқанда шамамен 12 мың адам жұмыс істейді. Алайда олардың еңбекақысы мекеменің қай ведомствоға қарайтынына, қызметіне және қолданылатын тарифтік жүйеге байланысты айтарлықтай ерекшеленеді.
Мәселен, денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін медициналық емес мамандар Үкіметтің №1193 қаулысына сәйкес, өзге персонал санатына жатқызылуы мүмкін. Соның салдарынан бір пациентке көмек көрсететін, бірақ кәсіби мәртебесі әртүрлі мамандардың жалақысында елеулі айырмашылық туындайды.
Аутизм орталықтарындағы мамандардың жағдайы да көтерілді
Депутаттар мемлекеттік балаларды оңалту және аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға көмек көрсету орталықтарындағы еңбек жағдайына да назар аударды.
Мұндай мекемелерде дефектологтер, логопедтер, эрготерапевтер, ABA-терапевтер және басқа мамандар жұмыс істейді. Алайда олардың еңбекақысы мен кәсіби мәртебесін анықтау кезінде атқаратын жұмысының ерекшелігі толық ескерілмеуі мүмкін.
Депутаттардың пікірінше, бұл мамандардың бір бөлігіне аралас кәсіби салалардағы қызметкерлерге қарастырылған қосымша төлемдер мен жалақыны арттыру тетіктері қолжетімсіз болуы ықтимал.
Бұған қоса, бірнеше министрлік арасында өкілеттіктердің бөлінуі мамандардың мәртебесі мен еңбекақысын реттеудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруды қиындатып отыр.
Психикалық денсаулық саласында маман тапшылығы бар
Депутаттық сауалда психикалық денсаулық саласындағы кадр мәселесі де сөз болды.
Құжатта келтірілген мәлімет бойынша, психикалық денсаулық ұйымдарында 300 мыңнан астам азамат есепте тұр. Ал осы бағытта жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен психологтердің штаттық бірлігі шамамен 163 екені көрсетілген. Депутаттар бұл деректерді өңірлер бойынша кадрлардың бөлінуі, мекемелердің нақты мамандармен қамтылуы және жұмыс жүктемесі тұрғысынан нақтылау қажет екенін атап өтті.
Олардың айтуынша, психикалық денсаулық саласындағы көмек медициналық емдеумен шектелмейді. Ол әлеуметтік оңалтуды, адамның өз бетінше өмір сүру дағдыларын қалпына келтіруді, отбасыларды сүйемелдеуді және қоғамға қайта бейімделуіне жәрдемдесуді де қамтиды.
Депутаттар қандай ұсыныстар айтты?
ОСДП фракциясының депутаттары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне төрт ұсыныс жолдады:
- Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына өзгерістер енгізіп, денсаулық сақтау ұйымдары мен оңалту орталықтарында жұмыс істейтін медициналық емес мамандарды өзге персонал санатынан бөлек қарастыру мүмкіндігін пысықтау;
- әлеуметтік қызметкерлерге, клиникалық психологтерге және басқа да бейінді мамандарға біліктілігі, жұмысының күрделілігі мен жауапкершілігіне қарай көтеріңкі коэффициенттер мен қосымша ақы белгілеу;
- аутизм орталықтары мен балаларды оңалту мекемелеріндегі ABA-терапевттер мен эрготерапевтерді қоса алғанда, мамандардың кәсіби мәртебесін, біліктілік талаптарын және еңбекақы шарттарын тиісті жіктеуіштерде нақтылау;
- ұсыныстарды жүзеге асыру үшін қажетті қаржыландыру тетіктері мен көздерін анықтап, жалақыны көтеруге арналған бюджет қаражатын қарастыру.
Депутаттар еңбекақыны арттыру жекелеген мекемелердің ішкі қаржылық мүмкіндігіне ғана тәуелді болмауы керек деп санайды. Олардың пікірінше, мамандардың еңбегін әділ бағалау оңалту қызметтерінің қолжетімділігіне және білікті кадрларды тартуға ықпал етуі мүмкін.