"Қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды": Руслан Өтепбай қайғылы жайтты жеткізді

"Қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды": Руслан Өтепбай қайғылы жайтты жеткізді
Руслан Өтепбай. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Қазақстанға танымал адвокат, "Көреміз" бағдарламасының тұрақты сарапшысы Ғабит Өмірбек дүниеден өтті. Қайғылы хабарды белгілі журналист, тележүргізуші Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Руслан Өтепбай Instagram парақшасында марқұммен бірге атқарған жұмыстарын еске алып, оның азаматтық ұстанымы мен адамгершілік қасиеттеріне тоқталды.

Журналистің айтуынша, Ғабит Өмірбек өмірінің елеулі бөлігін азаматтардың құқығын қорғауға арнап, әділдік іздеген көптеген адамға заңгерлік көмек көрсеткен.

"Әділдік жолында еңбек еткен заңгер өмірден өтті… Қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. Белгілі заңгер Ғабит Өмірбек дүниеден өтті", – деп жазды Руслан Өтепбай.

Тележүргізуші марқұмның "Көреміз" бағдарламасындағы қызметіне ерекше тоқталды. Оның сөзінше, заңгер тележобаға тұрақты сарапшы ретінде қатысып, күрделі жағдайға тап болған азаматтардың мәселесін шешуге атсалысқан. Руслан Өтепбай Ғабит Өмірбектің кәсіби біліктілігімен қатар, көмекке мұқтаж жандарға жанашырлық таныта білетін азамат болғанын атап өтті.

"Ғабит бауырым мен жүргізген "Көреміз" бағдарламасының тұрақты сарапшысы болып, талай жәбірленушінің құқығын қорғауға, әділдік іздеген жандарға қол ұшын созуға атсалысты. Қаншама тағдырға араша түсіп, қаншама адамның алғысын алды. Заңгер ғана емес, адамгершілігі мол, әділдікті ту еткен азамат еді", – деді Руслан Өтепбай.

Журналист марқұмның азаматтарға жасаған жақсылығы мен бірге атқарған еңбегі ұмытылмайтынын жеткізді. Ол әріптесінің қазасына қайғырып, отбасына және жақындарына көңіл айтты.

"Ғабит бауырым, бірге атқарған еңбегіңіз бен жақсылығыңыз жадымызда мәңгі сақталады. Жаныңыз жәннатта, иманыңыз жолдас болсын! Жақындары мен отбасына қайғыра көңіл айтамын", – деп жазды тележүргізуші.

Ғабит Өмірбек көпшілікке құқықтық мәселелер бойынша пікір білдіріп, әлеуметтік тақырыптағы телевизиялық талқылауларға қатысқан заңгер ретінде танылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстанның белгілі қоғам қайраткері, әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Роза Айтматова 89 жасында дүниеден өткенін жазып едік.

Руслан Өтепбай кім?

Руслан Өтепбай – қазақстандық белгілі журналист, тележүргізуші және қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген медиа тұлға. Ол 1991 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласындағы еңбек жолын 2011 жылы бастаған.

Руслан Өтепбай көпшілікке "Көреміз" әлеуметтік ток-шоуының жүргізушісі ретінде кеңінен танылды. Бағдарламада отбасылық жанжалдар, адам құқықтарының бұзылуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелер көтерілді.

Журналист кәсіби қызметі барысында КТК, "Алматы", "31 арна" және "Еуразия бірінші арнасы" телеарналарында жұмыс істеген. 2024 жылдың соңында ол төрт жыл жүргізген "Көреміз" жобасынан кеткенін мәлімдеді.

2026 жылы Руслан Өтепбай "Анықтаймыз. Руслан Өтепбаймен" атты жаңа телевизиялық жобамен көрерменге қайта оралды. Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, қоғамдағы өзекті оқиғаларға қатысты пікір білдіріп келеді.