2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам адамның жүрген жері анықталды. Сонымен қатар құқық қорғау органдары іздеу жариялаған 1 031 күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, 5 қазанда басталған «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері шамамен 249 мың тұрғын үй нысанын тексерді. Оның ішінде 12,5 мың жалдамалы пәтер бар.
Тексеру барысында тіркеусіз тұрудың 9 мыңға жуық дерегі анықталып, жолы кесілді. Сондай-ақ 7 189 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрақты тұрғылықты жері жоқ 2 128 адам полиция бөлімшелеріне жеткізілді.
Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында ТМД елдері мен алыс шетелдердің құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 537 адам ұсталды.
Ұсталғандардың қатарында Астанада қолға түскен 67 жастағы ер адам да бар. Ол алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде болған.
Іс материалдарына сәйкес, 2018 жылы Қарағанды қаласында күдікті коммерциялық ұйымның қоймасынан тауарды сату сылтауымен алып шығып, құны 401 миллион теңгеден асатын мүлікті иемденген.
Полицияның мәліметінше, «Қауіпсіз үй» іс-шарасы тұрғын үйлердегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға, іздеуде жүрген адамдарды анықтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.