Көкшетауда жанармай құйғаннан кейін бірден істен шыққан көліктерге қатысты шу шықты. Жүргізушілердің айтуынша, Зеренді тасжолы бағытындағы жанармай құю бекетіне тоқтап, бензин құйған соң бірқатар көліктің қозғалтқышы өшіп, жолда қалып қойған, деп хабарлайды ult.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жүргізушілердің қалыпты жағдайда жанармай құйғаннан кейін көліктері жүрмей қалғанын айтып шағымданғаны көрінеді. Куәгерлердің мәліметінше, 20-дан астам көлік тоқтап қалған. Кейбір жүргізушілер көліктерін жол бойында қалдырып, қалаға жаяу қайтуға мәжбүр болған.
Оқиғаға қатысты Көкшетау қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі түсініктеме берді.
Әкімдік мәліметінше, жанармай құю бекетінің басшылығы ұсынған ақпарат бойынша, сапасыз жанармайдан зардап шеккен болуы мүмкін 15 көлік анықталған.
«Аталған көліктердің барлығы жанармай жүйесін тазарту жұмыстарын жүргізу үшін техникалық қызмет көрсету станцияларына жіберілді. Көлік иелеріне жанармай құю бекеті басшылығының келтірілген шығынды өтеу жөніндегі міндеттемелерін растайтын кепілдік хаттар берілді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Осылайша, зардап шеккен жүргізушілерге келтірілген шығынды өтеуге уәде берілген. Ал жанармай сапасына қатысты мәселенің нақты себебі туралы ақпарат әзірге хабарламада көрсетілмеген.