Ақтөбеде әйел бөтеннің пәтерін сатып, сот залынан босап шықты

Ақтөбеде әйел бөтеннің пәтерін сатып, сот залынан босап шықты
ашық дереккөзден

Баспананың шын иесі түрмеде жазасын өтеп жатқанда, алаяқ оның пәтерін сатып, ақшасын жұмсап жіберген. Сот оны бас бостандығынан айыруға үкім шығарғанымен, жазаны өтеуді кейінге қалдырды, деп хабарлайды ult.kz.

«Диапазон» басылымының жазуынша, Ақтөбе қаласында әйел өзіне тиесілі емес пәтерді 6 млн 280 мың теңгеге сатып жіберген. 

Оқиға ақтөбелік ер адамның Мәдина есімді әйелмен танысуынан басталған. Ер адам пәтер сатып алғысы келетінін айтқанда, әйел Есет батыр тұрғын алабындағы екі бөлмелі баспанасын ұсынған. Бағасы 6 млн 280 мың теңге болып келісілген.

Сатып алушы пәтерді ұнатып, бір аптадан кейін ақшаны толық төлеген. Артынша ата-анасын жаңа баспанаға көшіріп әкелген. Алайда әйел сатып алу-сату шартын рәсімдеудің орнына жылжымайтын мүлікті қабылдау-тапсыру актісін берген.

2026 жылдың қаңтарында пәтерге басқа әйел келіп, өзін баспананың заңды иесі ретінде таныстырған. Кейін сотқа жүгініп, пәтерге орналасқан адамдарды шығаруға қол жеткізген. Сөйтіп, сатып алушының ақшасын төлеп алған баспанасы өзгенің меншігі болып шыққан.

Белгілі болғандай, пәтердің шынайы иесі Атырау облысындағы колонияда жазасын өтеп жатқан кезде кілттерін танысына қалдырған. Жазасын өтеуді кейінге қалдыруға рұқсат алған соң үйіне оралмақ болғанда, баспанасында бөтен адамдар тұрып жатқанын көрген.

Сот отырысында Мәдина кінәсін мойындаған. Ол пәтер үшін алған ақшаны жұмсап қойғанын және оны сатып алушыға қайтара алмайтынын айтқан. Сонымен қатар оның бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін сотталғаны анықталған. Ол кезде балаларының болуына байланысты жазасын өтеу кейінге қалдырылған.

Бұл жолы сот әйелді бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда жазаны өтеу мерзімі тағы да кейінге шегерілді. Осылайша, сот үкімі жарияланғаннан кейін әйел сот ғимаратынан бостандыққа шыққан.