«Несиені кешіреміз» деген жарнамаға сенбеңіз: алаяқтар жаңа айлаға көшті

«Несиені кешіреміз» деген жарнамаға сенбеңіз: алаяқтар жаңа айлаға көшті
freepik.com

TikTok арқылы қазақстандықтардың 5 млн теңгеге дейінгі несиелері мен айыппұлдарын есептен шығаруға уәде беретін жалған жарнамалар таралып жатыр. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мұндай ұсыныстардың артында фишингтік алаяқтық тұруы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды ult.kz.

Алаяқтар мемлекеттік рәміздерді пайдаланып, азаматтарды профильдегі сілтеме арқылы күмәнді сайтқа өтуді ұсынады. Сайт пайдаланушының бағдарлама талаптарына сәйкес келетінін айтып, әрі қарай Telegram арқылы авторизациядан өтуге бағыттайды.

Мамандардың айтуынша, бұл әрекет алаяқтарға адамның аккаунтына, жеке хаттарына және онымен байланысты деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін. Ал сайттағы кері санақ таймері азаматтарды асығыс шешім қабылдауға итермелейді.

Техникалық тексеру кезінде VirusTotal платформасындағы LevelBlue сервисі күдікті ресурсты фишингтік сайт ретінде, ал alphaMountain.ai мен Fortinet спам ретінде жіктеген. Сонымен қатар сайт доменінің тек 17 күн бұрын тіркелгені анықталған.

Орталық өкілдері алаяқтар адамдардың қаржылық қиындықтарын пайдаланып, олардың сеніміне кіруге тырысатынын ескертеді.

Мамандардың кеңесі бойынша, несиені кешіру немесе айыппұлды есептен шығару туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру қажет. Қазақстанның мемлекеттік органдарының ресми интернет-ресурстары .gov.kz доменін пайдаланады. Алайда сайттағы мемлекеттік рәміздер мен ресми логотиптер оның сенімді екенін өздігінен дәлелдемейді.

Егер күмәнді сілтеме арқылы Telegram аккаунтына кіруге рұқсат беріп қойсаңыз, белсенді сеанстарды тексеріп, бейтаныс құрылғыларды өшіріп, екі кезеңді аутентификацияны қосқан жөн.