Түркияның Стамбұл қаласында қаза тапқан 26 жастағы Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты жігіті мен бөлмелесінен жауап алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Demirören Haber Ajansı агенттігінің мәліметінше, марқұм Шишли ауданында өзі тұратын ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған. Алайда ішкі аулаға құлап, көз жұмған.
22 жастағы бөлмелесі Д. Б. полицияға берген жауабында оқиға алдында Айсұлумен бірге болғанын, кейін оның бөлмеде жоқ екенін байқап, ішкі ауладан қозғалыссыз жатқан жерінен көргенін айтқан.
Сондай-ақ тергеу аясында марқұмның 35 жастағы жігіті М. Т.-дан жауап алынған. Оның айтуынша, Айсұлу таңғы сағат 05:30 шамасында үйіне келіп, 07:40-та қайтып кеткен.
Түркиялық БАҚ екі адамның прокуратура өкімімен ұсталғанын жазды. Алайда оларға ресми айып тағылғаны туралы ақпарат жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.