Петропавлда электрвелосипедті мас күйінде басқарған 37 жастағы ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Оның көлік жүргізу құқығы да болмаған, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ақмола облысының тұрғыны Воровской көшесінде ұсталған. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растады.
Ер адамның көлік басқару құқығы болмағандықтан, оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 20 тәулікке қамалды.
Полиция өкілдері электрвелосипедті мас күйінде басқару жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе қараңғы уақытта жоғары жылдамдықпен жүру және қорғаныс құралдарын пайдаланбау жүргізуші мен айналасындағылардың өміріне қауіп төндіреді.
Айта кетейік, жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан асатын электрвелосипедтерді басқару үшін заң талаптарына сәйкес «A1», «A» немесе «B» санатындағы жүргізуші куәлігі қажет.