Қызылордадағы жігіт өлімі: 12 адам шабуылдады деген туыстары тергеуді талап етті

Қызылордадағы жігіт өлімі: 12 адам шабуылдады деген туыстары тергеуді талап етті
pixabay.com

Қызылордада бір топ адамның шабуылынан көз жұмған жас жігіттің өліміне қатысты үш күдікті ұсталды. Марқұмның туыстары оқиғаға 12 адам қатысқанын айтып, шабуылға қатысы бар әр адамның әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етіп отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция өкілдері оқиғаға қатысты барлық бейнежазба зерттелгенін хабарлады. Сондай-ақ қылмысқа басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тексеріліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша әр күдіктінің рөлі мен қатысу дәрежесіне құқықтық баға беріледі.

Қайғылы оқиға 8 қазанда Қызылордадағы дәмханалардың бірінің маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше жігіт жас азаматқа шабуыл жасап, оны пышақтаған. Жәбірленуші ауруханада көз жұмды.

Марқұмның әпкесі Анастасияның айтуынша, бауырына 12 адам жабылып, соққыға жыққан. Оның сөзінше, куәгерлер де шабуылға қатысқандардың саны 12 адам болғанын айтқан.

Марқұмның туыстары тергеудің тек ұсталған үш күдіктімен шектелмей, оқиғаға қатысы болуы мүмкін барлық адамның әрекетін анықтап, әрқайсысына заң аясында баға берілуін талап етіп отыр.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.