Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде кішкентай қызға сексуалдық сипатта тиісті деген күдікпен ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға туралы қала тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде жазып, бейнебақылау камерасына түсіп қалған ер адамның бейнесін жариялаған. Оның айтуынша, оқиға «Бағыстан-4» тұрғын үй кешенінің аумағында болған.
Тұрғын өз жазбасында кешендегі қауіпсіздік мәселесіне де назар аударған. Оның сөзінше, ғимарат 2025 жылдан бері пайдалануға берілмеген. Сонымен қатар бейнебақылау камералары тек кіреберістерге орнатылғандықтан, аула мен автотұраққа бөгде адамдардың еркін кіруіне мүмкіндік бар.
Астана қаласының полициясы аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің он алты жасқа толмаған адамға сексуалдық сипатта тиісуге қатысты бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Құқық қорғау органдары оқиғаның өзге мән-жайын әзірге жариялаған жоқ.