Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петиция жарияланды

Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петиция жарияланды
Ашық дереккөзден

Қазақстандықтар «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беруді сұрап, ePetition ресми мемлекеттік платформасында петиция жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Петиция авторларының жазуынша, 2027 жылы «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылғанына 60 жыл толады. Мұрат Құсайынов жарты ғасырдан астам уақыт бойы «Дос-Мұқасан» ансамблін басқарып келеді. Бұл – рок және поп-музыканы қазақтың халық әндерімен ұштастырған Қазақстандағы алғашқы кәсіби вокалды-аспаптық ансамбль. Мұрат Құсайынов аталған құрметті атаққа қойылатын заң талаптарына толық сәйкес келеді. Алайда Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2025 жылғы желтоқсандағы жауабында оған қатысты марапаттау туралы өтінішхат әлі күнге дейін берілмегені расталған.

"Біз, Қазақстан азаматтары, осы әділетсіздікті түзетуді сұраймыз" делінген петицияда.