"Өнер қырандары" театрының актері Жанболат Найзабеков шаңырақ көтерген күні басынан өткен ауыр жағдайды алғаш рет көпшілікке баяндады. Өнер иесі жол апатынан әйелінің ең жақын құрбысы қаза тауып, жоспарланған үйлену тойы өтпей қалғанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Актер бұл оқиғаны журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында еске алды. Оның айтуынша, үйлену тойы болатын күні олар жол апатына ұшыраған. Қайғылы жағдайға небәрі 20 минут қалғанда жұбайы Іңкәрдің жақын құрбысы Жанболаттан көліктегі орнын ауыстыруды өтінген. Алайда көп ұзамай болған жол апатынан бойжеткен көз жұмған.
Жанболат Найзабеков үшін ең ауыр сәттердің бірі қаралы хабарды марқұмның ата-анасы мен өз жұбайына жеткізу болған. Апат кезінде Іңкәрдің өзі де ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан. Сондықтан актер оған құрбысының қазасын бірнеше күн бойы айтпаған.
"Ең қиыны – ата-анасына, менің келіншегіме естірту болды. Келіншегіме екі-үш күндей өтірік айттым. Өйткені менің келіншегімнің артқы лововой басын жыртып жіберген. Қан тоқтаған жоқ. Киноларда той көйлектің қып-қызыл қан болатынын. Тура сондай болды", – деді актер.
Осы оқиғадан кейін өнер иесінің отбасы үлкен күйзеліске түскен. Әсіресе, ең жақын құрбысынан айырылған Іңкәрге қайғыны еңсеру оңай болмаған. Актердің сөзінше, жұбайы ұзақ уақыт депрессиялық күйде жүрген.
Қайғылы жағдайдан соң ерлі-зайыпты ауылдан кетіп, Алматыға қоныс аударуды ұйғарған. Жаңа қалада өнердегі әріптестері оларға қолдау көрсетіп, қиын кезеңнен өтуіне көмектескен.
"Ата-анасымен жүздестік, кешірім сұрадық. Өте қиын болды. Тағдыр солай болып тұр енді. Басына бардық, Құран оқыдық. Іңкәр өзін ұстай алмады. Үлкен жара болып қалды. Арада қанша жыл өтті, еш жерде айтпағанмын. Айтқым да келмеді", – деп бөлісті Жанболат Найзабеков.
Актер сол күні үйлену тойына 400 адам шақырылғанын да айтты. Дастархан жайылып, Алматыдан өнер адамдары арнайы келгенімен, күтпеген қайғылы жағдайға байланысты мерекелік шара тоқтатылған.
"Әйелім қансырап жатты. Мен сотрясение далада жүрмін. Келген қонақтарым не істерін білмей жатыр. Жігіттерге Алла разы болсын, бәрін шығарып салды. 400 адамға дастархан жайылған. Үлкен тойхана. Алматыдан қаншама әртіс келген", – деді ол.
Арада біраз уақыт өткен соң отбасы жақын туыстарының қатысуымен шағын беташар рәсімін өткізген. Алайда үлкен үйлену тойы сол күйі ұйымдастырылмаған.
Жанболат Найзабеков жылдар бойы жүрегінде сақтап келген бұл оқиғаны айтуға қиналғанын жеткізді. Соған қарамастан актер болашақта жұбайымен бірге көптен бері өтпей қалған тойын жасауы мүмкін екенін жасырмады.
Жанболат Найзабеков кім?
Жанболат Найзабеков – қазақстандық актер, продюсер және "Өнер қырандары" әзіл-сықақ театры арқылы көпшілікке танылған өнер иесі. Ол 1988 жылы Атырау облысы Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында дүниеге келген.
Жастайынан актер болуды армандаған ол Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсуге талпынған.
Өнер жолында "Өнер қырандары" театрының құрамында 15 жыл қызмет етіп, түрлі қойылымдарда өнер көрсетті.
Кейін кино саласына бет бұрып, актерлікпен қатар продюсерлік жұмысты да қолға алды. 2023 жылы өзінің "Coco & Janbo" атты фильмін көрерменге ұсынды.
Өнер иесі сұхбаттарының бірінде кино түсіруді он жыл бойы армандағанын айтқан.
Ол "ТойХана", "Ажырасам" және "Болған оқиға" секілді фильмдерге түскен.
Актердің жұбайының есімі – Іңкәр, екеуі бес ұл тәрбиелеп отыр.
Жанболат Найзабеков әлеуметтік желіде де белсенді болып, шығармашылығы мен отбасылық өміріне қатысты жаңалықтарды көпшілікпен бөлісіп келеді