Алматыда құны 1,824 млрд теңге болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниетті кәсіпкер жер учаскесін ұзақ уақыт бойы өз атына рәсімдей алмай келген. Мәселе қалалық прокуратура араласқаннан кейін ғана шешімін тапты, деп хабарлайды ult.kz.
Прокуратураның мәліметінше, «HC» ЖШС инвесторы инвестициялық жоба аясында берілген жер учаскесіне жеке меншік құқығын рәсімдеуде қиындықтарға тап болған.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алайда жерге меншік құқығын рәсімдеу мәселесінің ұзаққа созылуы кәсіпкердің жоспарын іске асыруына кедергі келтірген.
Қадағалау органының араласуынан кейін инвестор жер учаскесіне меншік құқығын рәсімдеп, әкімшілік кедергілер жойылды.
Алматы қаласының прокуратурасы қабылданған шаралар инвестордың заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік бергенін хабарлады.
Қазіргі уақытта прокуратура инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.