Республика күні қарсаңында Qarmet пен Allur елдегі ірі кәсіпорындарда дарынды жастарды қолдау бағдарламасын қолға алды

Республика күні қарсаңында Qarmet пен Allur елдегі ірі кәсіпорындарда дарынды жастарды қолдау бағдарламасын қолға алды
aktau.sda.kz

Республика күні қарсаңында металлургия және автомобиль жасау саласындағы жетекші қазақстандық компаниялар – Qarmet пен Allur талантты жастарды қолдауға бағытталған «Болашаққа жол» атты ауқымды әлеуметтік бағдарламаны іске қосу бастамасын көтерді. Жобаның алғашқы кезеңінде еліміздің әр өңірінен 500 жас қазақстандыққа жұмысқа орналасуға және кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік беру көзделген, деп хабарлайды ult.kz.

Бағдарлама аясында Qarmet пен Allur кәсіпорындарында жас мамандарға арналған арнайы корпоративтік квоталар қарастырылады. Бастама, әсіресе, жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне, ауылдық жерлердегі дарынды жастарға және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан жас мамандарға қолдау көрсетуге бағытталған.

«Болашаққа жол» бағдарламасы тек жұмысқа орналастырумен шектелмейді. Ол жастарды іріктеу мен оқытудан бастап, тәлімгерлік қолдау көрсетуге, жаңа ортаға бейімдеуге және мансаптық өсуіне жағдай жасауға дейінгі кезеңдерді қамтитын кәсіби қалыптасу жүйесін құруды көздейді.

Бұл бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты жұмыспен қамту, білікті кадрлар даярлау және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу жөніндегі міндеттерімен үндеседі.

Мемлекет басшысы 24 қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде экономикада білікті мамандарға деген сұраныстың артып келе жатқанына назар аударған болатын.

Президент келтірген болжамға сәйкес, 2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 миллион маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы жұмысшы кәсіптерінің өкілдері. Кадр тапшылығы әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында сезілуі мүмкін.

«Біздің ортақ міндетіміз – әрбір азаматтың өмірден өз орнын тауып, адал еңбегімен отбасын асырап, Отанына пайдасын тигізуіне жағдай жасау», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Qarmet пен Allur бастамасы жастардың кәсіби жолын бастауына жағдай жасап қана қоймай, отандық өнеркәсіптің сұранысына сай білікті мамандар даярлауға да бағытталған.

Бағдарлама қатысушылары металлургия, автомобиль жасау, машина жасау, инженерия, автоматтандыру және цифрлық технологиялар сияқты сұранысқа ие бағыттар бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар басқа өңірлерден келетін жас мамандарға ерекше көңіл бөлінеді. Оларға жаңа жұмыс орнына көшу, баспана мәселесін шешу және еңбек ұжымына бейімделу барысында қолдау көрсету қарастырылуы мүмкін.

Мемлекет басшысы бұған дейін де білікті кадрлар даярлауда бизнестің белсенді қатысуы қажеттігін атап өткен. Өндірістік мамандықтарды таңдаған жастарды қолдау да мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Бастамашылардың жоспарына сәйкес, «Болашаққа жол» бағдарламасы бизнес, білім беру ұйымдары мен жастар арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық тетігіне айналуы тиіс. Алдағы уақытта жобаға Қазақстандағы басқа да ірі жұмыс берушілер қосылуы мүмкін.

Республика күніне орай қолға алынған бұл бастама Qarmet пен Allur компанияларының елдегі адами капиталды дамытуға, жастардың туған жерінде кәсіби тұрғыдан жүзеге асуына және отандық өнеркәсіптің кадрлық әлеуетін нығайтуға қосқан үлесі болмақ.