Танымал продюсер Мөлдір Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа үйге қоныстанғалы жатқанын айтып, оқырмандарына ақшалай сыйлық беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі Instagram парақшасында баспаналы болған қуанышымен бөлісіп, үйіндегі жөндеу жұмыстары аяқталып, жақын арада қоныс тойын тойлауға дайындалып жатқанын жеткізді.
Мөлдір Мұқан бұл қуанышының өзгелерге де жұғысты болуын тілеп, қазақтың «Жұғысты болсын!» деген сөзінің мәніне тоқталған.
"Қазақта “Жұғысты болсын!” деген қандай әдемі тілек, қандай керемет ырым бар! Біреудің қуанышына шын жүректен қуанып, “бізге де жұғысты болсын” деп тілек тілейтін халықпыз ғой. Менің де үй алып, жөндеу жұмыстарын жасап, жаңа үйіме қоныстанғалы жатқан қуанышым сіздерге де жұғысты болсын!", – деп жазды продюсер.
Айта кетейік, Мөлдір Мұқан бір отбасының ЭКО шығынын толық өтеуге ниетті.
Мөлдір Мұқан кім?
Мөлдір Мұқан (Мұқанова) – қазақстандық продюсер, әнші, актриса және кәсіпкер. Көпшілікке танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы ретінде де белгілі. Екеуінің некесінен бес бала дүниеге келген.
Мөлдір Мұқанның негізгі мамандығы – экономист. Ол жоғары оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, 21 жасынан бастап мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Өнерге бала кезінен жақын болған. Анасы өнер адамы болғандықтан, бауырларымен бірге «Мұқановтар» отбасылық ансамблінде өнер көрсеткен. Баян, домбыра және фортепианода ойнайды.
Төртінші баласы дүниеге келгеннен кейін мемлекеттік қызметтен кетіп, балаларға арналған «ММ» өнер мектебін ашқан. Кейін продюсерлікке бет бұрып, әнші әрі домбырашы Ақтоты Болышевамен жұмыс істеді. Өзі де әншілік қырын танытып, «Өтірік» әнін жарыққа шығарды.
2025 жылы Мөлдір Мұқан «Шәй в большом городе» атты толықметражды фильмнің продюсері ретінде танылды. Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде шығармашылығы, бала тәрбиесі және жеке өміріндегі өзгерістер туралы жиі бөліседі.
2025 жылы Тұрсынбек Қабатовпен заңды түрде ажырасқанын көпшілікке мәлімдеді. Қазір шығармашылық жобаларын дамытып, продюсерлік және әншілік қызметін жалғастырып келеді.