Қазақстан Орталық Азияда цифрлық дайындық бойынша көш бастады

Қазақстан Орталық Азияда цифрлық дайындық бойынша көш бастады
ашық дереккөз

Қазақстан Network Readiness Index 2025 халықаралық рейтингінде 127 ел мен экономиканың ішінде 65-орынға ие болды. Осылайша, еліміз Орталық Азия мемлекеттері арасында ең жоғары көрсеткіш көрсетті, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстанның жалпы көрсеткіші 49,06 балл болды. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға дайындықты және цифрландырудың экономика мен қоғамға әсерін бағалайтын рейтингті Portulans Institute жыл сайын жариялайды.

Орталық Азия елдерінің арасында Өзбекстан 72-орынға, Қырғызстан 90-орынға жайғасқан.

Рейтинг төрт негізгі бағыт бойынша қалыптастырылады. Олар – технология, адам капиталы, мемлекеттік басқару және цифрландырудың ықпалы.

Қазақстан цифрландырудың экономикаға, өмір сапасына және тұрақты даму мақсаттарына әсерін бағалайтын Impact бағыты бойынша 56-орынға ие болды. Мемлекеттік басқару саласында 61-орынға, адам капиталы бойынша 66-орынға жайғасты.

Ал ең төмен көрсеткіш технология бағытында тіркелді. Бұл санатта Қазақстан 81-орын алды. Рейтинг авторлары елімізде озық технологияларды енгізу және бағдарламалық қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындар көрсеткіштері салыстырмалы түрде төмен екенін атап өткен.

Сонымен қатар Қазақстан бірқатар көрсеткіш бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, мектептердегі интернетке қолжетімділік бойынша еліміз бірінші орынға ие болды. Мемлекеттік онлайн қызметтер көрсеткіші бойынша 10-орынға, ал халықтың интернет арқылы қаржылық шоттарға қол жеткізуі бойынша 11-орынға жайғасты.

Рейтинг көшін АҚШ бастады. Екінші орында Финляндия, үшінші орында Сингапур тұр.

Айта кетейік, Network Readiness Index 2025 рейтингі 53 көрсеткішті қамтиды. Олар технология, адам капиталы, мемлекеттік басқару және цифрландырудың ықпалы атты төрт негізгі бағытқа топтастырылған.