Оралда 158 млн теңгені алаяқтықпен иемденген әйел 6 жылға сотталды

Оралда 158 млн теңгені алаяқтықпен иемденген әйел 6 жылға сотталды
ашық дереккөзден

Банк қызметкері ретінде танысып, баспана мен жоғары табыс уәде еткен әйел 26 эпизод бойынша кінәлі деп танылды. Алайда оның жазасын өтеуі төрт жылға кейінге қалдырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Орал қалалық соты азаматтарды ипотекалық несие рәсімдеуге, жеңілдікпен баспана алуға көмектесемін және инвестициядан мол табыс түсіремін деп алдаған әйелге үкім шығарды. Оның әрекетінен жәбірленушілерге 158 миллион теңгеден астам материалдық залал келген.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024–2025 жылдары сотталушы өзін түрлі банктердің, соның ішінде «Home Credit Bank» және «Банк ЦентрКредит» қызметкері ретінде таныстырған. Осылайша азаматтардың сеніміне кіріп, олардан ақша алған.

Әйел ипотекалық заем рәсімдеуге, жеңілдікпен баспана сатып алуға жәрдемдесуге уәде берген. Сонымен қатар автобизнеске және өзінің жеке кәсіпкерлігіне инвестиция салғандарға жоғары пайызбен пайда табатынын айтқан.

Алғашында сенімді ақтап, табысты қызметпен айналысып жүргендей көріну үшін ол жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен бұрын ақша бергендерге бастапқы сомаларын пайызымен қайтарып отырған. Кейін ірі көлемдегі ақшаны иемденіп кеткен. Сот ісі бойынша алаяқтықтың 26 эпизоды анықталды.

Сот отырысында әйел кінәсін толық мойындап, тағылған айыптағы мән-жайларды растаған және жасаған ісіне өкінетінін білдірген.

Сот үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге тиіс.

Алайда сотталған әйелдің 14 жасқа толмаған баласы бар екені ескеріліп, Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде жазаны өтеу төрт жылға кейінге қалдырылды. Осыған байланысты оның күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы жойылып, әйел сот залынан босатылды. Оның мінез-құлқын Орал қалалық пробация қызметі бақылайды.

Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы талаптары 100 миллион теңгеден астам сомаға толық немесе ішінара қанағаттандырылды. Екі жәбірленушінің талаптары келтірілген залал өз еркімен толық өтелгендіктен қараусыз қалдырылды. Ал моральдық зиянды өтеу туралы талаптар қанағаттандырылмады.

Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оралда өз компаниясынан 2,2 миллион АҚШ долларын жымқырған кәсіпкердің сотталғаны хабарланған еді.