Шығыс Қазақстан облысында мас күйдегі әйел такси жүргізушісі көліктен шығып кеткен сәтті пайдаланып, рөлге отырған. Жүргізуші куәлігі жоқ 33 жастағы жолаушының әрекетінен көлікке 2,5 млн теңге шығын келген, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, әйел Chevrolet Aveo көлігінің жүргізушісінен бірнеше мекенжайға жеткізуді сұраған. Соңғы нүктеге жеткенде жүргізуші көліктен шыққан. Осы сәтті пайдаланған жолаушы рөлге отырып, көлікпен маневр жасай бастаған. Салдарынан автокөлікке зақым келген.
Көлік иесі полицияға арызданған. Тәртіп сақшылары әйелді ұстап, оның мас күйде болғанын және көлік басқару құқығы жоқ екенін анықтаған.
Автокөлікті заңсыз иемдену дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген материалдық шығын 2,5 млн теңгені құрайды.
Полиция мас күйде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.