ҚазҰУ-да дүрбелең: студенттерді эвакуациялауға не себеп болды?

ҚазҰУ-да дүрбелең: студенттерді эвакуациялауға не себеп болды?
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметінің фотосы

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қараусыз қалған сөмкеге байланысты студенттер мен оқытушылар эвакуацияланды. Әлеуметтік желілерде оқу орнына бомба қойылғаны туралы ақпарат тарағанымен, полиция тексеру нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

28 қазанда әлеуметтік желілерде ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларының университет ғимаратынан шұғыл шығарылғаны туралы хабар тарады. Threads желісінің қолданушыларының бірі жарылыс қаупіне байланысты ғимараттан шығуға тура келгенін жазған.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, университет аумағынан қараусыз қалған сөмке табылған. Оқиға орнына шұғыл қызметтер жетіп, қауіпсіздік мақсатында студенттер мен оқытушылар эвакуацияланған.

Тексеру барысында сөмкенің студенттердің біріне тиесілі екені және ішінде оқу құралдары бары анықталған. Полицияның хабарлауынша, табылған зат ешқандай қауіп төндірмеген.

Құқық қорғау органдары азаматтарға қырағылық танытқаны үшін алғыс айтып, күдікті зат байқалған жағдайда 102 нөміріне хабарласу қажеттігін еске салды. Сондай-ақ мұндай заттарды өз бетінше ұстауға немесе орнынан қозғалтуға болмайтынын ескертті.