Жақында «Құрмет» орденімен марапатталған танымал әнші Жанар Айжанова қуанышын жақындары және өнердегі әріптестерімен бірге атап өтті. Өнер иесі осы айтулы оқиғаға орай арнайы дастарқан жайып, мерекелік кеш ұйымдастырды, деп хабарлайды ult.kz.
Салтанатты жиынға жиналған қонақтар әншіні мемлекеттік наградасымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Кеш барысында өнер иесіне ерекше тосынсый да әзірленген.
Мейрамхана қызметкерлері қазақы дәстүрге сай Жанар Айжанованың үстіне мата жауып, көпшілік күтпеген қонақты ортаға алып шықты. Ол елге танымал Нұрлан имам болып шықты.
Қонақты көрген әнші қуанышын жасыра алмай, тосынсый ұйымдастырған жандарға ризашылығын білдірді.
Мерекелік кештен тараған бұл сәт әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударып, көпшілік арасында талқыға түсті.
Айта кетейік, Айжұлдыз Адайбекова 30 жасын ерекше атап өтті.
Жанар Айжанова кім?
Жанар Айжанова – қазақстандық танымал әнші, актриса және тележүргізуші. Ол қазақ эстрадасы мен театр өнерінде өзіндік орны бар өнер иелерінің бірі. Көпшілікке әсем әндерімен, сахнадағы жарқын бейнесімен және әзіл-сықақ жанрындағы рөлдерімен танылған.
Жанар Айжанова ұзақ жылдар бойы өнер саласында еңбек етіп, түрлі концерттік бағдарламалар мен телевизиялық жобаларға қатысты. Әншілікпен қатар актерлік қабілетін де танытып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Жанар Айжанова 1968 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Шалқар аудандық мәдениет үйінде бастап, кейін Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында қызмет атқарған. 1991–2000 жылдары «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрамында өнер көрсеткен. Кейін «Гүлдер» ансамблінде шығармашылық жолын жалғастырған. Оның орындауындағы «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Қобызым», «Достарым» сияқты әндер тыңдарманға таныс. Сонымен қатар «Отбасы», «Аппақ келін» және «Q-елі» жобаларына қатысқан. 2020 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған. Ал 2026 жылы Республика күні қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталды.