Қазақстанда сегіз перинаталды орталық салынып, ең төменгі жалақы 100 мың теңгеге көтеріледі

Қазақстанда сегіз перинаталды орталық салынып, ең төменгі жалақы 100 мың теңгеге көтеріледі
ашық дереккөз

Қазақстанда сегіз заманауи перинаталды орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасы салынады. Сонымен қатар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысы 40 пайызға дейін артып, ең төменгі жалақы 100 мың теңгеге көтеріледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстанда сегіз заманауи перинаталды орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасы салынады. Сонымен қатар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысы 40 пайызға дейін артып, ең төменгі жалақы 100 мың теңгеге көтеріледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Мемлекет басшысы елімізде балалар саны жеті миллионға жуықтағанын, бұл жалпы халықтың 34 пайызы екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту маңызды міндетке айналып отыр.

«Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз», – деді Президент.

Бұдан бөлек, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, ал Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаларды жүзеге асыру үшін бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды да кеңінен тарту қажеттігін айтты. Сондай-ақ мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясындағы жобаларды тиімді іске асырып, қажетті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді жедел қабылдауды тапсырды.

Президент алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғыртуға да ерекше мән берілетінін жеткізді. Оның сөзінше, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл бағыттағы қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен арттыру маңызды.

«Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл өзгеріс келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуға тиіс.

«Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, алдағы кезеңде балалар денсаулығын қорғау инфрақұрылымын кеңейту, алғашқы медициналық көмекті жетілдіру және халық табысын арттыру бағытында бірқатар өзгеріс жүзеге асырылмақ.